АҚШ-та туристердің әлеуметтік желідегі парақшалары тексерілуі мүмкін — БАҚ

Қаракөз Амантай 11 жел. 2025 09:23

АҚШ президенті Дональд Трамп елге келетін шетелдіктерге қатысты жаңа талап енгізуді жоспарлап отыр. Федералдық тізілімде жарияланған жобаға сәйкес, АҚШ-қа кіретін барлық туристен кейінгі бес жылдағы әлеуметтік желі парақшаларының тарихын сұрату қарастырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл шара шетелдік меймандарды бақылауды күшейтуді көздейді және елге келетін адамдар туралы мәліметтерді тексеру мүмкіндігін кеңейтпек.

Кімдерге қатысты?

АҚШ-тың Кеден және шекара қызметінің мәліметінше, бұл талап елге кіретін барлық шетелдікке қолданылады. Тіпті виза алмай-ақ келе алатын азаматтар да тексеруден өтеді. Әсіресе Ұлыбритания мен Германия тұрғындары, олар дәстүрлі визаның орнына электронды рұқсат жүйесін (ESTA) пайдаланып жүр.

Осылайша, қысқа мерзімді саяхатшылар, іссапармен келетіндер немесе конференцияға қатысушылар да АҚШ билігінің ерекше назарында болады.

Қандай мәліметтер сұралуы мүмкін?

Әлеуметтік желідегі жазбалар мен белсенділіктен бөлек, билік мына ақпараттарды жинауды жоспарлап отыр:

  • Кейінгі бес жылда пайдаланылған электронды пошталар;
  • осы кезеңде қолданылған телефон нөмірлері;
  • отбасы мүшелері мен жақын туыстары туралы дерек.

Яғни бұл өзгеріс дәстүрлі иммиграциялық тексерулерді шетелдіктің толық цифрлық өмірбаяны деңгейіне дейін кеңейтеді.

Мүмкін салдары

Сарапшылардың айтуынша, мұндай қадам жеке өмірге қол сұғу және еркін жүріп-тұру құқықтары жөнінде үлкен пікірталас тудыруы мүмкін. Бұрын жеңілдетілген тәртіппен саяхаттап үйренген туристер енді өздерінің цифрлық өміріне қатысты көп ақпаратты ашуға мәжбүр болады.

Сонымен бірге жиналған мәліметтердің қалай қолданылатыны және оларды сақтау қауіпсіздігі де ашық күйінде қалып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар