АҚШ арнайы қызметтері президент Дональд Трампты Иран тарапынан болуы мүмкін қастандық қаупіне байланысты Түркиядан жасырын түрде алып шыққан. Бұл туралы The Washington Post басылымы хабарлады, деп жазады dalanews.kz.
Басылым мәліметінше, Анкарада Трамп телекамералардың алдында әдеттегі Air Force One ұшағына мінген. Алайда бірнеше минуттан кейін ол әуежайда бортқа тамақ тасымалдауға арналған арнайы көліктің көмегімен жасырын түрде ұшақтан шығарылып, көлемі шағын C-32A әскери бортына ауыстырылған. Осылайша негізгі Air Force One ұшағы "алдау құралы" ретінде пайдаланылған.
Бұл кезде негізгі ұшақтағы журналистер мен Ақ үйдің бірқатар қызметкері президент өздерімен бірге ұшып бара жатыр деп ойлаған. Оларға иллюминатор перделерін түсіру тапсырылған.
Ал Трамп Пентагон басшысы Пит Хегсетпен бірге C-32A әскери ұшағымен Ұлыбританияға жеткен. Кейін RAF Mildenhall әскери базасында ол қайтадан негізгі президенттік ұшаққа ауысып, сапарын жалғастырған.
Мұндай құпия операцияның өткізілуіне АҚШ барлау қызметтерінің Иран тарапынан Трамптың өміріне қауіп төнуі мүмкін деген ақпараты себеп болған. Ақ үй өкілдері президент қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоғары деңгейдегі сақтық шаралары қолданылғанын мәлімдеді.