АҚШ пен Қытай тарифтерді өзара төмендетуге келісті

АҚШ пен Қытай тарифтерді өзара төмендетуге келісті
Фото: Kevin Dietsch / Getty Images

АҚШ пен Қытай көшбасшылары Си Цзиньпиннің Вашингтонға жасаған мемлекеттік сапары барысында өзара сауда тарифтерін жалпы сомасы 30 млрд доллар көлемінде төмендетуге келісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамп екі ел арасындағы сауда-экономикалық консультациялар тетігінің жұмысын оң бағалап, қол жеткізілген келісімдердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырған.

Fox News арнасының Ақ үйге сілтеме жасап хабарлауынша, келісім АҚШ-тың ауыл шаруашылығы өнімдері, балық және теңіз өнімдері, өңделмеген ағаш, косметика мен медициналық бұйымдар экспортына, сондай-ақ Қытайдан әкелінетін шағын тұрмыстық техника, ойыншықтар, мерекелік әшекейлер және балаларға арналған автокреслолар импортына қатысты.

Еске салайық, 2025 жылдың ақпанында Дональд Трамп Қытайдан келетін барлық тауарға 10 пайыздық тариф енгізген болатын. Бұған жауап ретінде Қытай АҚШ-тың көміріне, сұйытылған табиғи газына, шикі мұнайына және автомобильдеріне баж салығын салды. 2025 жылдың сәуірінде АҚШ тарифтері 145 пайызға дейін көтерілсе, Қытай америкалық тауарларға салынатын баж мөлшерін 125 пайызға дейін жеткізген.

Кейінірек, 2025 жылдың мамырында Женевада өткен келіссөздер барысында тараптар 90 күндік сауда бітіміне келіп, АҚШ тарифтерін 30 пайызға, ал Қытай тарифтерін 10 пайызға дейін төмендеткен еді. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент 23 қыркүйекте бұл сауда келісімінің мерзімі 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін ұзартылғанын мәлімдеді.

Келіссөздер барысында Трамп пен Си жасанды интеллект мәселесін де талқылады. Тараптар технологияның тәуекелдері мен артықшылықтарына қатысты тұрақты диалог жүргізуге және жасанды интеллектке байланысты оқиғаларды талқылайтын арнайы байланыс арнасын құруға уағдаласты.

Сонымен қатар АҚШ пен Қытай басшылары Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы ұйымының (АТЭС) бейресми саммиті мен G20 кездесуін өткізуге өзара қолдау білдіруге келісті. Екі ел көшбасшысы бұл іс-шараларға қатысу ниетін растады.

Сондай-ақ тараптар Иранның ядролық бағдарламаға қатысты халықаралық міндеттемелерді орындауы қажет екенін атап өтіп, халықаралық су жолдары арқылы өту үшін ешбір мемлекет ақы талап етпеуі тиіс деген ортақ ұстаным білдірді.