АҚШ пен Қытай сауда саласындағы уақытша бітімнің мерзімін ұзарту жөнінде келісімге келді. Бұл туралы АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, жаңа уағдаластыққа сәйкес, екі ел арасындағы сауда бітімі 10 қаңтарға дейін жалғасады. Бұған дейін оның мерзімі 10 қарашада аяқталуы тиіс болған.
Malim.kz басылымының жазуынша, бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинді Мэриленд штатындағы Эндрюс әскери базасында қарсы алғаннан кейін жасалды.
Қытайдың Вашингтондағы елшілігі келісімге қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Дегенмен елшілік жариялаған Си Цзиньпиннің жазбаша мәлімдемесінде екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа тоқталған.
Алайда бұл мәлімдемеде сауда келісімі туралы нақты ақпарат айтылмаған.
Скотт Бессент Fox News телеарнасына берген сұхбатында Вашингтон мен Бейжің арасында бірқатар күрделі мәселе әлі де шешілмегенін жеткізді.
Олардың қатарында сирек кездесетін металдардың экспортына қойылатын шектеулер, компьютерлік чиптер саудасы, Қытайдың Иранмен қарым-қатынасы және Тайвань мәселесі бар.
Си Цзиньпин АҚШ-қа үш күндік сапармен келген. Оның барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мен халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселе талқыланады.