Ақмолалық тұрғын емханадан 1,6 млн теңге өндіріп алды

Ақмолалық тұрғын емханадан 1,6 млн теңге өндіріп алды
ЖИ: Dalanews.kz

Ақмола облысының тұрғыны аудандық емхана дәрігерлерінің дер кезінде дұрыс диагноз қоя алмауынан денсаулығына зиян келгенін дәлелдеп, сот арқылы 1,6 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот мәліметінше, 2025 жылдың шілде айында механизатор болып жұмыс істейтін Ақмола облысының тұрғыны Целиноград аудандық емханасына бас ауруы, жөтел, мұрыннан су ағу, дене қызуының көтерілуі және иық тұсының ауыруы сияқты шағымдармен жүгінген.

Дәрігерлер оған бастапқыда:

  • жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ),
  • жедел назофарингит,
  • созылмалы бронхиттің асқынуы,
  • полисегментарлық пневмония диагноздарын қойған.

Бірнеше күннен кейін науқас қайтадан емханаға келіп, қолы мен иық буынындағы ауырсыну мен ісінуге шағымданған. Бұл жолы басқа дәрігер оған «ревматоидты артрит» диагнозын қойып, травматологқа қаралуға кеңес берген. Ал травматолог иық буыны байламдарының созылуы және шамадан тыс күш түсуі деген қорытынды жасаған.

Алайда арада бір апта өткенде ер адам шұғыл түрде Астана қаласындағы ауруханалардың біріне жатқызылды. Онда дәрігерлер оның сол жақ қолында, жауырын үсті мен асты аймақтарында флегмона пайда болғанын анықтаған.

Сараптамалық комиссияның қорытындысына сәйкес, аудандық емхана мамандары науқасты тексеру мен емдеу барысында бірқатар қателік жіберген. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сарапшылар диагноздың кеш қойылғанын, зерттеу нәтижелері мен талдаулардың ескерілмегенін анықтаған. Соның салдарынан гематома пайда болып, флегмона дамыған, науқасқа ота жасауға тура келген және иық буынының қызметі бұзылған. Сондай-ақ комиссия медицина қызметкерлерінің әрекеті мен пациенттің денсаулығына келтірілген зиян арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екенін атап өткен.

«Науқастың шағымдарына тиісті деңгейде назар аударылмаған, ауру тарихы үстірт толтырылған, қойылған диагноз толық болмаған», – делінген сарапшылар қорытындысында.

Сот мәліметіне сәйкес, дұрыс қойылмаған диагноз бен тиімсіз емдеу салдарынан ер адам ұзақ уақыт еңбекке жарамсыз болып қалған. Осыған байланысты сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, медициналық мекемеден пациенттің пайдасына 1,6 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын өндіріп беру туралы шешім шығарды.