Ақмола облысында Instagram-дағы "емшіге" сенген әйел миллиондарынан айырылды

Ақмола облысында Instagram-дағы "емшіге" сенген әйел миллиондарынан айырылды
ашық дереккөз

Ақмола облысының тұрғыны Instagram желісінде өзін емші ретінде таныстырған әйелмен танысқан. Кейін олар WhatsApp арқылы сөйлескен. Күдікті әйел оның сеніміне кіріп, емдеуге көмектесетінін айтып, кейін "тиімді инвестиция" салуды ұсынған. Сонымен қатар, баспана алуға және несиелерін жабуға көмектесуге уәде берген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Осы уәдеге сенген әйел 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы мамырға дейін алаяққа 8 миллион 825 мың теңге аударған. Кейін күдікті оның 3 миллион 370 мың теңгесін ғана қайтарған. Ал қалған қаражат түрлі сылтаумен әлі күнге дейін қайтарылмаған.

Жәбірленуші күдіктімен бірде-бір рет бетпе-бет кездеспеген. Барлық байланыс тек мессенджер арқылы жүзеге асқан.

Бұл дерекке қатысты алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Полиция бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін Шымкент қаласының тұрғынын анықтады.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тексеріліп жатыр.