Ақмола облысында су тасқыны қаупі күшейді

Қаракөз Амантай 10 ақп. 2025 14:47 1577

Ақмола облысының бірнеше ауданында су тасқыны қаупі артып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев өңірдегі қауіпті учаскелерді аралап, жағдайды бағалады.

Ведомство мәліметінше, су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Кеген Тұрсынбаев елордалық агломерация аумағындағы ахуалды тексерді. Жұмыс сапары барысында ол Аршалы және Целиноград аудандарындағы гидротехникалық нысандарды қарап, ықтимал қауіптің алдын алу шараларымен танысты.

"Су тасқынына қарсы іс-шаралар барлық қызметтердің уақытылы әрі үйлесімді жұмысын қажет етеді. Басты міндет – халық пен инфрақұрылымға төнетін қауіп-қатерді барынша азайту. Инженерлік құрылыстардың тасқынға төтеп беруге әзірлігі және жедел қызметтердің шұғыл әрекет етуге дайындығы аса маңызды. Біз жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда жедел шаралар қабылдаймыз", – деді Кеген Тұрсынбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов көктемде қай өңірлерде су тасқыны болуы мүмкін екенін айтқан болатын.

"Егер елді мекендер санын ескерсек, бірінші орында Батыс Қазақстан облысы, одан кейін Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары тұр", – деді Әрінов мәжіліс кулуарында.

Айта кетейік,Қазақстанда 1223 елді мекен су басу қаупі бар аймақта орналасқан. 

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

“Аймақтарда алдын алу және инженерлік жұмыстар жүргізіліп, олардың іске асырылуын ТЖМ бөлімшелері қадағалауда. Су тасқынының алдын алу шаралары республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттар аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда елімізде 1223 елді мекен су басу қаупі жоғары аймақтарда орналасқан”, – делінген дүйсенбі күні таратылған хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, жалпы еліміз бойынша 1400 су тасқынына қарсы іс-шара жүзеге асырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар