Қазақстанда 1223 елді мекен су басу қаупі бар аймақтарда орналасқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Аймақтарда алдын алу және инженерлік жұмыстар жүргізіліп, олардың іске асырылуын ТЖМ бөлімшелері қадағалауда. Су тасқынының алдын алу шаралары республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттар аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда елімізде 1223 елді мекен су басу қаупі жоғары аймақтарда орналасқан”, – делінген дүйсенбі күні таратылған хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, жалпы еліміз бойынша 1400 су тасқынына қарсы іс-шара жүзеге асырылған.
“Халықты қорғау мақсатында ұзындығы 576 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттері мен үйінділер тұрғызылып, нығайтылды. 164 шақырымдық дренаж жүйелері жөнделіп, қайта салынды. Автомобиль және темір жолдардың астындағы 960 су өткізу нысаны жаңартылып, 658 шақырымдық каналдар мен арықтар жасалды. 74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 300 шақырымнан астам арнаны тереңдету және жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді, 190 шақырым өзен арналары тазартылды. Елді мекендерде нөсер және дренаж жүйелерін салу және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қыста қарды елді мекендерден тыс арнайы полигондарға шығару үшін қауіпсіз аймақтар алдын ала белгіленді”, – деп хабарлады ТЖМ.
Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы шаралар тексерілді
“Көктемгі тасқынға дайындық аясында облыс әкімі Асхат Шахаров негізгі су айдындары мен су басу қаупі бар учаскелерді тексерді. ТЖД-нің штабтық басқару көлігі мен дрондар көмегімен өңір басшысы Ілек және Қарғалы өзендерінің бойындағы қауіпті аймақтарды, сондай-ақ Саздин су қоймасын аралап шықты. Қазіргі уақытта Ілек өзенінің бойында ұзындығы 1300 метрді құрайтын жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, су басу қаупі бар “Актюбрентген-14, 16”, “Урожайный”, “Зеленстрой” бау-бақша ұжымдарына еріген суды бұру шаралары қолға алынған. Бұл аумақтарда Ілек өзенінің жағасын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі сондай-ақ Саздин су қоймасында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда су жинау аймағының түбін демонтаждау, екі қатар арматурамен бетон құю, төсем орнату және мұздан қорғайтын қабырғалар салу жұмыстары аяқталды”, – деп хабарлады ведомство.
Алматы облысының Талғар ауданында алдын алу шаралары қолға алынды
“Талғар қаласында су тасқыны қаупінің алдын алу жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілуде. Қала әкімі тікелей бақылау жасап отыр. Іс-шаралар аясында арық жүйелері мен каналдар тазартылып, Қазтуған Жырау көшесінің бойындағы Тополевка өзенінің арналары тереңдетілді. Бұл жұмыстар жалғасатын болады, осылайша аудандағы қауіпсіздік деңгейі артады. Қазіргі таңда қала аумағында 38 шақырымдық арық жүйесі мен 30-дан астам көше тазартылды. Алдағы уақытта осындай шараларды жалғастырып, қосымша каналдар салу жоспарланған”, – делінген хабарламада.
Астанадағы жағдай қалай?
“ТЖД қызметкерлері мен Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті өкілдері “Қазсушар” кәсіпорнының Ақмола филиалымен бірлесіп Астана контрреттегішін аралап шықты. Ерекше назар су тасқыны кезеңінде суды жинау және ағызу жүйесінің дайындығына, нысанның реконструкциялау жұмыстарына аударылды. Нәтижесінде “Қазсушар” мекемесіне нысанды тиісті деңгейде ұстау және тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берілді”, – деп хабарлады ТЖМ.
Жамбыл облысында Талас өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде
“Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданында және Тараз қаласында су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысты. Әкім Талас өзенінің жағалауын бекіту шараларын бақылады. ТЖД қызметкерлері жүргізген зерттеу барысында Байзақ ауданының Сарыкемер, Дихан, Аймантөбе және Көстөбе ауылдарында өзен арнасын тазарту және нығайту қажеттілігі анықталған. Бұл учаскелерде су басу қаупі жоғары. Қаңтар айында басталған жағалауды бекіту жұмыстары жалғасуда. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының әкімдеріне өзен арнасын қосымша тексеріп, тазалау, тереңдету және нығайту шараларын қолға алу тапсырылды”, – деп мәлімдеді ведомство.
Шымкентте су тасқынына қарсы шұғыл жиын өтті
“Шымкент қаласының ТЖД жергілікті атқарушы органдармен және бассейндік инспекциямен бірлесіп су тасқыны қаупіне байланысты шұғыл жиын өткізді. Жиын барысында қауіпті аймақтар тексеріліп, ықтимал тәуекелдерге талдау жасалды. Алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінді. Мамандар жағалауларды нығайту, су ағызу арналары мен арықтарды тазарту, халықты дер кезінде хабардар ету мәселелерін қарастырды. Құзырлы мемлекеттік органдарға инженерлік және жағалауды бекіту жұмыстары бойынша ұсыныстар берілді, сондай-ақ су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған қосымша шараларды әзірлеу тапсырылды”, – деп хабарлады министрлік.