Ақмола облысында әлеуметтік осал азаматтарды ұрлап, атына несие рәсімдеген қылмыстық топ әшкереленді

Қаракөз Амантай 02 қыр. 2025 12:34

Ақмола облысында адамдарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың ісі бойынша банкирлер мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) қызметкері ұсталды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ақмола облысының прокурорлары әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі көлемде банктік несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топқа (ҰҚТ) қатысты тергеуді аяқтады. Топ құрамына елдің түрлі өңірлерінен келген 25 адам кірген", – делінген сейсенбі күні таратылған хабарламада.

Қадағалау органының мәліметінше, ұсталғандардың арасында ҚНРДА орталық аппаратының қызметкері мен бірқатар банктердің өкілдері бар.

"Олардың қатысуымен бес жылдан астам уақыт бойы алаяқтық әрекеттер жасалған", – делінген хабарламада.

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстардың құрбаны болған – 348 қазақстандық. Келтірілген жалпы шығын көлемі 3,7 млрд теңгені құраған. Тәркілеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүліктер анықталды: Алматы қаласындағы пәтерлер мен жер телімдері, қымбат автокөліктер және ірі көлемдегі қолма-қол ақша. Тәркіленгеннің жалпы құны 2,7 млрд теңгеге бағалануда.

Барлық қатысушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстық іс процесс қатысушыларының танысуына беріліп, соңғы шешімді сот шығаратын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар