Шымкентте ХҚКО басшылығы жүргізуші куәлігін сатқан, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚМА мәліметінше, Шымкентте жүргізуші куәліктерін жүйелі түрде заңсыз берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ анықталған.
Тергеу барысында 2023–2024 жылдар аралығында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы Ж.Р. Мурашимов пен бірге бірқатар лауазымды тұлға жүргізуші куәлігін теориялық және практикалық емтихандардан өтпей-ақ заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны әшкереленген.
"Бұл "қызмет" үшін азаматтардан 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша алған. Нәтижесінде 500-ден аса адам заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған. Тергеу аясында күдіктілердің 200 млн теңгеден аса сомаға бағаланған мүлкіне, 2 жеке үй, 2 пәтер, 2 жер телімі және 10 көлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.
Сот санкциясымен 12 күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс бойынша соталды тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Шымкентте кейінгі жылдары жол апаты жиілеген. 2022 жылы мұндай оқиғалар саны 398 болса, 2024 жылы 878-ге дейін жеткен.