Сұхбаттың басында бағдарлама авторы әдеттегідей ақынның «астына көпшік» қоя отырып, «Семей-Невада» қозғалысының құрылғанына 33 жыл толды, сіз Семейдегі сынақ полигонын жауып, аждаһаның аузын артына келтірдіңіз» деген сыңайда қошамет сөздер айтты. Мұндай мақтау-мадақтың атасын естіген Олжекең шалқақтап кетпесе де шаттанып, көзі күлмеңдеп отырды. Жуырда ақынымыз Франция президенті Макронның қолынан бірдең-сірдеңе деген орден алған екен, «ол орден Наполен заманынан бері бар, оны кім көрінгенге бермейді. Наполен заманынан қалған орденді омырауына таққалы отырған қазақтың алғашқысы менмін» дегенді Олжекең омыраулап отырып айтты. Иә, Олжас алғашқы, Олжас тұңғыш, Олжас бірінші. Олжекең қашанда алда. Біздің заманымызда осы күнге дейін Олжекеңнің алдына түсіп көрген адам кемде кем. Әйтсе де, «дүмі мықты артымен диермен таратады» демекші, Олжекеңнің біріншіліктің бәріне әлдебір құдіреті күшті қолдың демеуімен, жетелеуімен жетіп жүргенін ішіміз сезеді. Кешегі күні ол Дінмұхаммед Қонаевтың еркесі болды. Күні кешеге дейін Назарбаевтың да еркесі Олжас болды. Жә, бола берсін. Әлі де болсын. Бірақ осы О. Сүлейменовтің бойындағы екі келбет жұртты ығыр ғып біткенін енді ашық айтуға тура келеді.
Байтасовтың BaitassovLive бағдарламасындағы сөзінің басын ақынымыз күңіреніп отырып КСРО-ның күйреуіне өкініш білдірумен бастады.
«Қандай керемет мемлекет еді? Біздің күшті ортақ отанымыз болды. Соның бәрі Ельциннің биілікке таласуымен быт-шыты шықты ғой. Әлеуеті зор мемлекет ұсақ-ұсақ бөліктерге бөлініп кетті», – деді есімін тұтас ұлт болып ұрандатып жүрген ұлық ақынымыз. Біз сонда ішімізден: «Ау, байқұс-ау, сен «жаптым», «жойдым» деп кеудеңді қағатын Семей полигонын басқа аймақтан орын таппай қазақ жеріне әкеліп орналастырған Мәскеу емес пе еді? Мәскеу сенің төңірегіне ойран салған ортақ отаныңның астанасы емес пе еді?» дегінді айтып, қынжылып отырдық.
Кейде осы Олжастың Семейге барып, Абыралы, Абай аудандарында болып, сынақтардың зардабын тартқан халықтың мұң-шерін бек түсінгеніне күмәндатанымыз да бар.
Құрметті оқырман! Жадыңызда жүрсін, Семей полигонының қасыретін ет жүрегімен сезініп, еліне жаны ашыған, дабыл қаққан азамат – Кешірім Бозтаев. Өкінішке қарай, жылдар өткен сайын Бозтаевтай боздақтың аты ұмытылып барады да, есесіне Олжас Сүлейменовтің шоуы күшейіп, даңқы артып барады.
Кешірім Бозтаев кім еді? Бұл сұрақты алдымен Олжас Сүлейменовке қоюымыз керек. Ол Кешірім туралы жақсы біледі. Білгендіктен де Кешірімді 60 жасымен құттықтап, оған үшбу хат жолдаған. Былай деп:
«...Уважаемый Кешрим Бозтаевич! Мы знаем Вас как крупного общественного и государственного деятеля, очень много сделавшего для процветания народа Казахстана. Вся Ваша жизнь это добрый и назидательный пример для молодого поколения... В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера. Мы знаем, что в эти трудные годы Вам пришлось особенно нелегко и на Вашу долю выпали тяжкие испытания, но Вы сумели найти верный путь и сделать немалый личный вклад в долгожданную победу закрытие Семипалатинского ядерного полигона. В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо!
Олжас Сулейменов». 23-мая, 1993г.».
Көрдіңіздер ме, Олжас Кешірімді мерейжасымен құттықтап жазған хатында: «Вы сумели найти верный путь и сделать немалый личный вклад в долгожданную победу закрытие Семипалатинского ядерного полигона» дейді. Сөйтеді де араға аз ғана уақыт салып, «мен ондай хат жазған жоқпын, Кешірімнің атына жазылған хатқа байқамай қол қоя салсам керек» дейді.
Қой-ей, көке! Қатардағы көп хатшының бірі емес, бірегейі, халықшыл тұлға, қазақ даласында болып жатқан ядролық сынақтардың қасыретін КСРО-ның Бас хатшысы Горбачевқа құпия түрде болса да жігері жасымай жеткізе алған Кешірімдей ердің атына жазылған үшбу хатқа Алжас Амаровичтің аңдамай қол қоя салу беймүмкін. Осы арада бір кәкір бар. Шындығында Олжасты Кешірімге көмекші етіп тапсырған Нұрсұлтан Назарбаев еді дейді куәлар.
«Жалпы Олжастың Семейге алғаш баруы, ол жақтан КСРО халық депутаты болып сайлануы былай: ол Алматы қаласының Калинин ауданынан КСРО халық депутаттығына кандидат болды. Участокке Жазушылар одағынан «Простор» жорналының бір қызметкері екеуіміз бақылаушылыққа жіберілдік. Дауыс беру, бюллетень санау таза атқарылды. Ақын ұтылып қалды.
Ертеңінде жұмысқа келсем, бірінші хатшының кабинеті алдында қызметкерлеріміздің төртеу-бесеуі тұр. «Олжастың кабинетінде концерт болып жатыр» дейді. Барсам, бір топ кісінің ортасында маған бейтаныс тапалдау келіншек табанымен шоқ басып алғандай тыпырлап, еріні сүйреңдеп, шаңқ-шаңқ етеді. «...Бақылаушыларың сайлау участогінде болған жоқ! Оларды жазалау керек!..» дейді. Мен қып-қызыл жалаға қатты ашуланып, парткомымыздың хатшысына дереу мәлімдеме жазып, сайлау участогінде біздің болған-болмағанымызды тексеруді, көргенсіз өсекшінің жаласынан қорғауды талап еттім. Бірақ талабым ескерілмеді.
Сол кезеңде не болғанын Кешірім «Семей полигоны» кітабында ашық жазған: «Алматыда дауысқа түскен Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Ә. Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, О. Сүлейменовті Семей облысынан депутаттыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі. Полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Г. В. Колбин телефон соғып, ол да сондай тілек айтты». Ол тілектер, әрине, қабыл болды».
(Ғаббас Қабыұшлы. «Өз ұлтын «жабайы» көрген Олжас бүгінгінің «Абайы» бола ала ма?» https://abai.kz/post/6684).
Республикалық жасанды одақтардың жағдайын іштей жақсы түсінген, әрі Нобель сыйлығанан дәмелі Горбаечев те Семейдегі сынақ полигондарының жұмысын тежеуге (әрине, мүлдем тоқатуға емес!) бейілді екенін ақындық түйсікпен ұға қойған Олжекең антиядролық ұранды сөздер жазылған шүберекті дереу шекеге таңып алып топ бастай жөнеледі. Қозғалыс құрып, қозғалыстың барлық қимыл әрекетін шоуға айналдырып та үлгереді. Жақсыларым, біле білсеңіздер біздің елдегі шоу мен шу Олжекеңнің «Невада-Семей» қозғалысынан басталған-ды. Шоудың аяғы шолақ сайдың тасып басылған суы сияқты емес пе, басталады... бітті, жалғаспайды.
Қайбір жылы Олжас Сүлейменов Жапонияға барды. Жапондар оны арқаға қағып, аранын ашқан аждаһамен күрескен дара батыр есебінде құрмет көрсетті. Ал сол жапондар 70-80 жылдан бері Нагаскаи мен Хиросиманың сұмдығын ұмытпай, халқына барынша жағдай жасап, дүниеге келген сәбиінің денсаулығын мұқият зерттеп, қадағалап тыным таппай келеді. Осындай игілікті істерге мұрындық болуға тиіс біздің әйгілі ақынымыз шекесіне таңған шытын шешкен күннің ертеңінде Семей халқын ұмытты. «Трояка» аталған еуразиялық топтағы үш миллиардер досына (Шодиев-Ибрагимов-Машкевич) қаржы бөлдіріп, ШҚО-ның ядролық сынақтардан зардап шеккен аудандарының біріне қамқорлық жасауға оның құдіреті жететін еді, бірақ ондай жағымды жаңалықты құлағымыз естіген жоқ. Егер сондай көмек-жәрдемін ақын жария етпей жасаған болса, кешірім сұрауға дайынмын. Әй, қайдам!.. Атағынан ат үркетін Олжастан Қытайдан келген қандасымыз, марқұм Асқар Жакулин әлдеқайда ер екен. Отаншыл, халықшыл екен. Ол Семейдегі ауруханаларға, мектептерге жиған-терген қаражатын беріп отыруды өсиет етіп қалдырған-ды. Сөздің орайына қарай айтып өткеніміз жөн, Асқар Жакулин атындағы қор Семейдегі келелі істердің бәріне үзбей демеушілік жасап келеді. Жасай да бермек!
Олжасты біреулер «Аз и Я»-сы үшін құрмет тұтып, құрақ ұшады. Әлгілерге «Олжекеңнің осысы қалай өзі?» дей қалсаң, жағаңнан алып, жағыңды уатуға бар. Сөйтсек, олар үшін Олжастан асқан ұлтшыл, қаһарман, батыр да батыл адам жоқ екен. Мейілі, солай-ақ болсын. Білетіндер Олжастың «Аз и Я»-сынан көп тіл білген полиглот, асқан білімдар Азат Сүлеевтің қолтаңбасын көреді. «Кітаптың негізі мазмұнын, даулы сөздер мен сөздердің шығу төркінін нақтылап жазған Азат Біләлұлы еді» дейді куәлер. Ал кітапқа өлеңмен рух берген, әрине, ақынның өзі. Оған ешкімнің дауы жоқ. Кешірімнің есімін аузына алмайтыны сияқты осы күні Олжас Сүлейменов Азат атты интеллектуал досының болағанын да тіс жарып айтпайды. Демек, аброй да, атақ та өзінікі. Ақын соны қалайды. Тағы да қайталаймыз, мейлі солай-ақ болсын! Бірақ «Аз и Я»-ның авторы қазақ десе, қазақтың тілі десе, жиырылып шыға келетіні несі?.. Әсілінде «Сөз төркініне» үңілетін қаламгер сөйте ме екен? Біздіңше Олжас – орыстілді қазақтардың көсемі. Өз тілін білмейтін, өз тілінен жиренетін, қарапайым қазақтан өзін жоғары қоятын, өздерін элита санайтын орыстілді нигилсит қазақтар ғана Олжастың жазғандарын оқып, оны пір тұтады. Олжас та, олар да қазақтың рухани жаңғыруын, жасампаз ұлтқа айналуын қаламайды. Қаламағаныңыз не, тіс-тырнағымен қарсы. Әділдіктің жолынан таймаған, кімге де болса, қасқайып тұрып ақиқатты айта білген ардақты Алдан Айымбетов ақсақал бүй дейді:
«...Я, оказалось, занял место прямо напротив О. Сулейменова. За несколько дней до этого нам были розданы тезисы программы будущей партии. Мне достался национальный вопрос. Материал готовил очень серьезный, как мне казалось, не уступающий «Комманифесту» Маркса и Энгельса. Но когда дошел до тезиса «возрождение казахской нации», Сулейменов поднялся, немного полюбовался собою, затем директивным тоном потребовал убрать «возрождение казахской нации». Я впервые оказался в такой близости от «великого человека». Но преодолел робость и почти заорал на него: «Какого черта мы собираемся в партию?! Я буду бороться против антиказахской партии!»
(Алдан Айымбетов. «Олжаса Сулейменова как антиказаха я раскусил сразу, еще тогда», газета «Казахская правда», №17, сентябрь, 2005 г.).
Бір нәрсені айтумыз керек. Олжас – публиканың көңіл-күйінде ойнай білетін адам. Ол – ақын бейнесіндегі артист. «Олжас! Олжас!» деп ұрандатып Жазушылар одағының алдына келген желтоқсаншыл жастарды көріп бұғып қалған батыр көтеріліс басылған соң, ҚазМу-де кездесу өткізіп, «алаңға партия қайраткерлері шығып кетті, негізі трибунада біз, ақындар тұруымыз керек еді, бізге мүмкіндік берілмеді» деп соққан көрінеді. Осындай сөзден кейін албырт та, аңғал жастар Олжекеңе қалай табынбасын?!. Әрине, табынады. Ал Олжас миығынан күліп қойып қазақтың мүддесін сыртынан сатып жүре береді. Осыдан кейін Олжасты қалайша ақын бейнесіндегі артист демейсің?
Олжас Сүлейменов Нұрсұлтан Назарбаевтың билігіне де қызмет етті. Қызмет еткенде ұлт мұраты, халық мүддесі тұрғысынан қызмет етті деп айта аламыз ба? Жоқ. Ол барынша деколониязация саясатына қарсы болды. Қазақ тілінің Конституциядағы мемлекеттік мәртебесіне лайық құрметтелуі мен қолданылуына да қарсылығы әркез білініп тұратын. Ол осындай кертартпа пиғылымен Назарбаевтың ұлттқа бет бұра қалған істеріне кедергі келтіріп, кесірін тигізіп те жүргенін ішіміз сезетін. Бірақ Олжасты өліп-өшіп көзсіз сүйген көпке не деп боласың?.. Қазақта «көпте ес жоқ...» дегенді Абай ғана айта алған. Апыр-ау, дейсің кейде, адамды жақсы көруге болады. Бірақ оның теріс баққан, тетір ісіне неге сын айтуға болмайды? Біздің көп осыны ескермейді. Халқының осындай сәби мінезін, аңғалдығын жақсы білетін Олжас екі тылда ойнаудан жалығар емес. Жасы қазір сексеннен мол асты, әлі солай. Мен оқырманға Олжас ағаңызды сүй, құрметте, бағала, бірақ, сүйсең де, бағаласаң да әділ сүй, әділ бағала дегенді айтқым келеді. Біз балалық ойдан арылуымыз керек. Есейуіміз керек. Кімнің кім екендігін танып, білуіміз керек. Қазір өткен отыз жылдағының бәрін жаппай мансұқтауға көшіп жатырмыз. Олай болмайды. Өткенің қасыретті болса да қасиетті тарихыңның бетінде таңбаланып қалуы тиіс. Назарбаевтың билігі... ол да жылдар өткен соң уақыт таразысының табағына тартылатын болады. Сол уақытта бірінші орынға Олжекеңдердің ойыны емес, халықтың қайсар рухы, ерлігі, төзімділігі, көнбістігі, күте білгендігі алдыңғы орынға шығады. Сол кезде біз, «бәріне кінәлі шапыраштылар» деп рулы елге топырақ шаша салған ақынның сөзін асылық деп танырымыз ақиқат.
Айтпақшы, атасы жақсы жұртқа араша түскен сөз қазірдің өзінде айтылып та жатыр. Біз сол сөзбен мақаламызды қортындылағанды абзал көрдік:
«Қаңтар қанды оқиғасы «мен қазақ» дейтін әрбір азаматтың жүрегінде тікенше қадалып тұрғаны хақ. Ұйымдастырушы кім? Кім кінәлі? Әркім әртүрлі жауап іздеп сабылуда.
Ютуб каналдың бірінен халықаралық аренадағы абыройлы азаматымыз Олжас Сүлейменов сөйледі. «Шапыраштылар кінәлі», – деп өзінің баритон дауысымен басып кеп қалды ол. Менің зәрем зәр түбіне кетті. Қазақ рушылдығы жайында ойладым.
1932 ж. алапат аштыққа бас себепкер қазақ. 1937 ж. қазақтан көп атылған өзге ұлт жоқ. Қазақстан басшылығына келген П.К.Пономаренко (1954-55 ж.) бір жылда Қ.Сәтпаев, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Е.Бекмаханов, Қ.Мұханбетханов секілді қазақтың қаймағын түрмеден шығарды. Қазақтың зиялысын түрмеге тыққан екі өңірдегі клан жайында Саяси бюроның арнайы шешімін алуға мәжбүр болды. Ол қазақ басшыларының Мәскеуге құйрығын тығып алып, бірін-бірі республикада құлатуына, жала жауып айдатуына қарсы шешім еді. Қазақтың тұтастығын сөйтіп, украин басшы саяси шешім шығарып, сақтап қалуға тырысқан. Бірақ, Пономаренконың қазақ ұлтына жаны ашуы Москваға жақпады да, бір жыл істер-істеместе Қазақстан басшысын Үндістанға елшісі етіп, айдап жіберді. КПСС-тің жазылмаған заңы. Төлеген Тәжібаевты кеңесші етіп, П.К.Пономаренко бірге ала кеткен. Бұл да оның қазақ халқына деген құрметі болса керек.
... Ал, Олжас Сүлейменовтің «Қаңтар оқиғасын шапыраштылар ұйымдастырды», – деуі ұят-ақ болды. Тәрбиесін көрген, қызметтес болған қаламгер райында айтайын, бұл Олжас Сүлейменов қазақтың рушылдығына қарсы сөйлеп жүрген (Қонаевтың қамқорлығын көрген) бұрынғы Олжасқа ұқсамайды. Өзінің орыс достары айтып жүргендей «Алжастың» алжасқан сөзі болып шықты. Олжас айтты екен деп, немене біз бар кінәні Шапырашты руына артып, Шапырашты руымен күресеміз бе? Бұл қазақтың ынтымағына, бірлігіне нұқсан келтіретін сөз, қателесу!».
(Әдбиетші-ғалым, профессор Құлбек Ергөбектің WhaTsab желсінен тараған жазбасынан үзінді).
Нұрлан Байтас
Abai.kz