Франция парламенті 15 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді қолдануға шектеу енгізуді қолдады. Бұл туралы медиа менеджер Ержан Төлек өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Dala News.
AFP агенттігінің мәліметінше, үкімет ұсынған заң жобасын 116 депутат қолдап, 23-і қарсы дауыс берген. Егер Сенат бұл бастаманы мақұлдаса, келесі оқу жылынан бастап Францияда 15 жасқа дейінгі балаларға TikTok, Snapchat, Instagram және Meta корпорациясына тиесілі өзге де әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынады.
Заңның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің психикалық және физикалық денсаулығын қорғау. Францияның ұлттық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, әлеуметтік желілер балалардың психикасына кері әсер етеді. Кибербуллинг, өзін өзгелермен үздіксіз салыстыру, әдепсіз және зорлық-зомбылық элементтері бар контент жасөспірімдер үшін үлкен қауіпке айналған.
Мамандар әлеуметтік желілер балалардың зейінін әлсіретіп, ұйқы режимінің бұзылуына да әсер ететінін айтады. Бұл факторлар жасөспірімдердің оқу үлгерімі мен жалпы өмір сапасына тікелей ықпал етеді.
Айта кетейік, бұған дейін Австралия әлеуметтік желілерді пайдалануға ең төменгі жас шегін енгізген алғашқы елдердің бірі болған. Онда да 16 жасқа дейінгі балаларға шектеу қойылған.
Франциядағы бұл бастама Еуропадағы цифрлық қауіпсіздікке қатысты саясаттың жаңа кезеңін бастайтыны айтылып отыр.
