"Ақбақай" кен орнын 1968 жылы белгілі геолог Дүбек Дүйсенбеков ашқан болатын. Қорды толық игеру жұмыстары 1975 жылы басталды.
Ақбақайда жаңа кен қорының ашылуына байланысты шикізатты қайта өңдеу үшін орасан қуат қажет болғандықтан кен өңдеудің заманауи цехы салынды. Бүгінде алтынды фабрикаға қарасты "Ақбақай", "Бескемпір", "Карьерное", "Ақсақал", "Светинское", "Кенжем", "Шығыс Ақбақай" және "Олимпийское" кен орындары өндіреді.
Өндірілген пайдалы қазба фабрикада өңделіп, одан Доре қорытпасы түріндегі дайын өнім шығарылады. Технологиялық үдерістің толық айналымы SCADA автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы жүргізіледі.
– Екінші кезеңді іске қосудың нәтижесінде компаниямыздың өндірістік ауқымы кеңейеді. Бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына тың серпін береді деп ойлаймыз. Бұған қоса, қосымша жұмыс орындары ашылады. Атап айтқанда, жобаны іске қосу арқылы қосымша 90 жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді "Алтыналмас АК" АҚ Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы өндіріс бойынша басқарушы директоры Бағдат Бахрамов.
2011-2015 жылдары аралығында «Алтыналмас» кәсіпорны Ақбақайдағы жерасты өндірісі технологиясын қол еңбегі әдісінен механикаландырылған әдіске көшірді. Бұл бастама өндіріс қуатының 600 пайызға артуына ықпал етті.
Өндірісті цифрландыру бағдарламасы аясында бүгінгі таңда кен орны жерасты стационарлық құралдармен жабдықталып, ашық тау-кен жұмыстарын басқару автоматтандырылды, геологиялық-маркшейдерлік жасақтамасы мен GEOVIA интеграциялық платформасы енгізілді. Сонымен қатар ұзындығы 130 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, 400 метр тереңдікте жерасты Wi-Fi орнатылды.
Жаңа технологияларға иек сүйеген еліміздің дамуына тың серпіліс беріп, өнімділікті арттыра түсетіні белгілі.