Ақ үйге қайта оралған Трамп Қытайға қатаң шарт қойды

Қаракөз Амантай 21 қаң. 2025 09:55 3669

Дональд Трамп Уашингтонға қайта оралған бетте жаһандық экономикада жаңа дағдарыс дәуірін бастайтын қадамдарға кірісті, деп жазды Financial Times.

Dalanews.kz осы сараптаманы қазақшаға аударып, оқырман назарына ұсынып отыр.

Ақ үй басшысы алдағы айдан бастап Канада мен Мексикадан келетін импортқа 25 пайыздық тариф енгізетінін мәлімдеп үлгерді. Трамп бұл іске шындап кірісер болса, аталған елдердің ұлттық валюталары әлсіреп, АҚШ-тың акциялар нарығындағы фьючерстерінің төмендеуіне түрткі болады.

Трамп сонымен бірге Қытайға да қатаң шарт қойып, егер Бейжің TikTok қосымшасының кем дегенде 50 пайыз үлесін америкалық компанияға сатуды мақұлдамаса, қытайлық тауарларға 100 пайыздық тариф енгізуге дайын екенін мәлімдеді.

Еуропалық Одаққа да ультиматум жасап, егер Еуропа америкалық мұнайды көбірек сатып алмаса, Батыс елдерінен келетін өнімдерге жаңа баж салығы салынатынын ескертті. Мұның бәрі Трамптың негізгі сауда серіктестерімен "жоғары тәуекелді" келіссөздер жүргізіп, АҚШ мүддесін қатаң түрде таңуға дайын екенін тағы бір дәлелдегендей болды. Бұл әрекеттер оның ұлықтау рәсімінде айтқан "АҚШ-тың құлдырау дәуірін аяқтап, жаңа "алтын ғасырды" бастаймыз" деген ұранына да сай келеді.

78 жастағы Трамп президент қызметіне кірісе салысымен Джо Байден әкімшілігінің бірқатар бастамасын түбегейлі жоққа шығаруға кірісті.

Байденнің нәсілдік әділеттілікті ілгерілету, Батыс жағалаудағы кейбір израильшіл экстремистік топтарды санкциялау, Medicaid жүйесін нығайту, дауыс беру құқығын кеңейту секілді түрлі саланы қамтитын ондаған жарлығының күшін жойды.

Сонымен қатар АҚШ-ты Париждің климат жөніндегі келісімінен екінші қайтара шығарып, көмірсутекті отын өндірісін арттыруға бел буды. Заңсыз иммигранттарды елден шығару науқанын бастады және сайлау нәтижесін қайта қарауды талап етіп, 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолийді басып алуға қатысқандарды кешіруге уәде етті. Ең қызығы, Трамптың өзі – АҚШ тарихында қылмыстық жаза алған алғашқы президент атанған, екі рет қастандықтан аман қалып, сайлауда жеңген тұлға. Енді ол осы мәртебесін пайдаланып, «халықшыл және ұлтшыл» платформаға арқа сүйеп, Байден әкімшілігінің «прогрессивті» күн тәртібін кері қайтаруға кіріскелі отыр.

Сауда мәселесіндегі Трамптың "батыл" мәлімдемелері күн өткен сайын үдей түсуде. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ол тарифтерді халықаралық экономикалық дипломатияның басты құралы ретінде көретінін және сол арқылы АҚШ қазынасын толтырмақ ниетін жасырмады.

"Өз азаматтарымызды салықпен ауыртпалыққа салғанша, басқа елдерге тариф енгізіп, сол арқылы өз халқымызды байытқанымыз жөн", – деді ол.

Осыған орай, Трамп науқан кезінде айтқан "барлық импортқа әмбебап тариф салу" туралы жоспары да әлі өзекті екенін жеткізді. Оны қолдауға Ақ үйдегі негізгі кеңесшілері – аппарат басшысы Сьюзи Уайлс, саясат жөніндегі жетекші маман Стивен Миллер және сауда мен өндіріс бойынша жоғарғы кеңесші Питер Наварро атсалысып отыр.

Ішкі саясатта да Трамп қатаң бағыт ұстайтынын анық байқатты: бұдан былай АҚШ-Мексика шекарасында ұлттық деңгейдегі төтенше жағдай жариялап, елге заңсыз келген иммигранттардың балаларына азаматтық беру ісін тоқтатуға талпыныс жасайтын болады.

Бұған қоса, Мексикадағы есірткі картельдерін «шетелдік террористік ұйымдар» деп атап, оларға қарсы арнайы жасақ жіберу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Әрине, бұл шешімдер АҚШ Конституциясының 14-түзетуіне қайшы деп саналатындықтан, сотта дау туғызуы ықтимал.

Бірақ Трамп мұнымен тоқтап қалмай, Пентагонға Мексикамен шекараға әскер жұмылдыруды тапсырды және АҚШ-тың Панама каналын қайта бақылауға алуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Сонымен бірге ол "дүниежүзінде бұрын-соңды болмаған ең қуатты армияны құрамын" деді де, бір мезетте Украина мен Таяу Шығыстағы соғыстарды тоқтатып, өзін "бейбітшілік орнатушы" президент ретінде танытуға уәде етті.

Осы шаралардың бәрі Трамп әкімшілігінің АҚШ-ты жаңа жолға салуға деген ұмтылысын білдіреді, бірақ оның нақты нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар