Антикормен соттасқан блогер ақталып шықты

Көркем Алдабергенова 09 қаз. 2025 15:52

Кассациялық сот ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаевқа қатысты «жала жабу» бабы бойынша шығарылған 20 тәулік әкімшілік қамау туралы шешімді заңсыз деп танып, үкімді жойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы блогердің өзі әлеуметтік желіде хабарлады. 

Блогердің айтуынша, сот әділ шешім қабылдап, бірінші инстанцияның шешімін күшін жойды. Ол адвокаттарына алғыс айтып, бұл үкімді президент жариялаған сот реформаларының нәтижесі деп бағалады.

Сәрсенбаевтың қорғаушысы істің заңсыз қозғалғанын мәлімдеген. Себебі, жәбірленуші тарап ретінде мемлекеттік орган көрсетілген, ал заң бойынша «жала жабу» тек жеке тұлғаға қатысты қолданылады.

Сот шешімі күшіне енгеннен кейін блогер заңсыз әкімшілік қудалау үшін моральдық өтемақы талап етуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, биыл 28 мамырда Азамат Сарсенбаев Instagram парақшасында антикоррупциялық қызмет туралы жазба жариялағаннан кейін 20 тәулікке қамауға алынған еді. Пост Ақтаудағы донер иесі мен келуші әйел арасындағы дау туралы болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар