Әнару Қалдыбекқызының адвокаты сараптама нәтижесіне сенбейтінін айтты

Көркем Алдабергенова 30 қаз. 2024 16:25 2302

Күні кеше Әнару Қалдыбекқызын зорлады деп шулаған Жанқош Тұраровқа қатысты тергеу аяқталды. Алайда Әнарудың қорғаушысы Ләззат Ахатова да істің тоқтатылғанына аң-таң, - деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап. 

Оның сөзінше, құзырлы органдар жәбірленуші тарапқа ескертпестен істі жауып тастаған. 

«Істі бізге айтпай, заңсыз қысқартқанын екі күн бұрын ғана білдік. Енді тергеу органы бізді сотқа шағымданбасын деп, қаулыны бермей отыр. Ол қаулыға шағымданатын, қайта жаңғыртуға құқығымыз бар. Тиісті органдардың бәріне шағымданамыз. Жанқош Тұраровтың «крышасы» туралы, тергеудегі өрескел заңсыздықтар туралы іс қозғалған сәтте жазған едік. Күдігіміз расталды. Полиция бұған дейін де Тұраровтың бірнеше ісін қысқартқан екен. Олар басынан-ақ істі жылы жабуға, Әнарудың аузын жауып тастауға барынша күш салған болатын», – деді Ахатова. 

Адвокаттың сөзінше, бұл істі қарау барысында төрт тергеуші ауысқан.

"Соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Менен өзге тағы бір адвокат бар еді, ол да басқа іске ауысқан. Кейін Алматыдан тағы бір қорғаушы қостық. Енді мен Астанадамын. Қайта-қайта Алматымен екі ортада әрі-бері жүрудің өзі оңай емес. Шығынды төлейін деген ешкім жоқ. Сондықтан өзім онлайн қадағалап, жазатынымды жазып, кеңес беріп отырдым. Бұрын тергеуші болған адвокаттан өтіндік. Сол кісі 21 қазанда сараптамаға қол қоюға барғанда істің қысқарғанын айтпаған. Бізді ешкім хабардар етпеді. «Мерзімін ұзарттық» деді, бірақ ол туралы қаулыны бермеді", - дейді Ләззат Ахатова.

Адвокат боксшы Жанқош Тұраров күштеп, Әнаруға ойына келгенді істегенін айтады.

"Іс материалдарында ол деректер бар. Алайда, тергеу органы сол кезде екеуінің де қанын сараптамаға жіберіп, тексермеген.

Неге сараптама бірнеше күннен кейін және проктолог дәрігердің қатысуынсыз жасалды? Яғни сыртын ғана тексеріп, ішін тексермеген. Ол да қылмысты жасыру. Біз Әнаруды проктолог маманға апарғанда тік ішегі жыртылғаны туралы анықтама берді. Бірақ бұл кезде оқиғаның болғанына бір ай өткен еді. Мұның бәрін тәптіштеп айта бермейміз ғой. Бұл жерде қыздың абыройы да бар", - дейді адвокат.

Еске салайық, 21 тамызда Алматының Әуезов ауданы полиция басқармасына 1996 жылы туған қыз "өзін зорлағанын" айтып, арыз жазған еді. Кейін полиция қылмыстық іс қозғағанын растады, ал танымал боксшы Жанқош Тұраровтың өзі тағылған айыпты жоққа шығарды.

Арыздың түскеніне екі ай өтсе де, Жанқош Тұраров бостандықта жүрді.

2024 жылғы 18 қазанда Tengri Sport тілшісі департаментке атышулы іске қатысты ресми сауал жолдады.

"Іс жүргізу аясында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптама жүргізілді, оның қорытындысы бойынша зорлау фактісі растамалды. 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы түпкілікті шешім шықты.

Әуезов аудандық прокуратурасы бұл шешіммен келісті", - деп жауап берді полиция.

Айта кетейік, Жанқош Тұраров кәсіпқой рингте 2009 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол 28 жекпе-жек өткізіп, оның 20-сын нокаутпен жеңген. 

Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде танымал қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров «қыз зорлады» деген ақпарат тарап кетті. Кейін мәселеге Алматы полициясы пікір білдіріп, Әуезов ауданының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар