Қазақстандық балуан Сейілхан Болатбек джиу-джитсудан Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды dalanews.kz ҰОК-қа сілтеп.
Жерлесіміз жарыстан кейінгі әсерін бөлісіп, қола жүлде үшін өткен белдесу жайлы айтты.
"Маған қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғысымды білдіремін. Қола жүлде үшін өз бауырыммен белдесуге тура келді. Әрине, өте өкінішті. Алайда жарыс жолы осылай тоғыстырды. Бұл додаға үлкен үмітпен, тыңғылықты дайындықпен келген едім. Алтын медаль жеңіп алуды қаладым. Өкінішке қарай, бүгін қола жүлде бұйырып тұр екен. Дегенмен кім жеңсе де, бұл медаль Қазақстан қоржынына түсер еді. Бұдан бір жарым ай бұрын әлем чемпионы атанған едім. Сондықтан бұл жарысқа басты фавориттердің бірі ретінде келдім. Алайда ширек финалда жеңіліп қалдым", - деді спортшы.