Жыл басталғалы бері Қазақстанда көптеген саяси реформалар мен әлемдік деңгейде салмақты саяси шешімдер жасалып жатыр. Белгілі саясаттанушы Әміржан Қосановтан «Қала мен Дала» газетіне алған сұхбатымызда әңгімені бірден осы тақырыптардан бастадық.
– Әміржан мырза, сұхбатымызды өткен аптада БАҚ бетінде жаппай талқыланған Қазақстан Президентінің Ақ үй қожайынымен кездесуінен бастасақ. «Бейбітшілік кеңесі» қандай ұйым? 1 млрд доллар беріп кіретіндей қажеттілік бар ма Қазақстан үшін?
– Шынын айтайықшы, АҚШ президенті Дональд Трамп билік басына келіп, сыртқы саясатқа таза бизнес ретінде қарап («баж салығын пәленше процентке көтере саламын», «ымыраға» («сделка») келсек қана, мәселе шешіледі»), волюнтаризм мен субъективизмге салынғалы бұған дейін әлемдік архитектураның негізі боп келген баршаға ортақ әрі міндетті келісімшарттар мен уағдаластықтардың быт-шыты шықты. Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді бірегей ұйым қазіргі соғыстар мен қақтығыстар тұсында мүлдем дәрменсіз боп қалды. Әрине, АҚШ секілді супердержаваның халықаралық саясаттағы орны бір төбе, оның әлеуетімен біріккен Еуроодақ пен Қытайдан басқа ешкім теңесе алмайды. Сол себепті Трамп әлемдік саясатқа өз қалауынша, девелопер-бизнесмен ретінде қарап, дүниенің астаң-кестеңін шығарып жатыр.
Газа мәселесімен айналысуы тиіс «Бейбітшілік кеңесі» секілді ұйымды өзі құрып, өзі басқарып, кім оған мүше бола алатынын өзі ғана шешетіні, оған көптеген беделді елдердің енбеуі бұл органның болашағына күмәнмен қарауға мәжбүр етеді.
– Онда біз неге ондай ұйымға мүше болдық?
– Қазақстанның оған мүше болуының екі салдары бар. Бір жағынан, әрине, АҚШ-пен қарым-қатынасымыздың жақсара түсуіне оң әсер етеді. Алайда екінші жағынан, әлемдік саясаттағы «трампоманияға» қарсы әрі осы ұйымға енбеген алдыңғы қатарлы елдермен арақатынасымызға өз салқынын тигізуі әбден мүмкін. Мәселен, ол кеңес БҰҰ-ның орнын алмастыра алатынын Трамптың өзі айтып отыр. Трапмтың кейбір екіұдай бастамаларына осы кеңес мұрындық болып, Қазақстан соны қолдап жатса, тағы да ұятқа қаламыз.
Өз басым, АҚШ-тағы Трамп заманы осы жылдың қарашасында өтетін АҚШ Конгресінің сайлауынан кейін, Трамп ол заң шығарушы органдағы монополиясынан айрылғаннан кейін күрт өзгереді деп ойлаймын. Оны да көре жатармыз.
Атышулы бір миллиард долларға келсек, ресми ақпаратқа сай, Қазақстан оны төлеген жоқ. Және де ол сома «Бейбітшілік кеңесінің» тұрақты мүшесі болу үшін қажет. Ал менің болжауымша, Трамп биліктен кеткеннен соң, ол кеңес те тарап кетеді.
– «Бейбітшілік кеңесі» ұйымы айналамыздағы анталаған көршілерден Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік бере ала ма?
– Қызметі о бастан Газа секторында бейбітшілік жоспарын жүзеге асыруға бағытталған бұл кеңестің мандаты біршама ұлғаятын түрі бар. Тіпті БҰҰ айналысуы тиіс шаруамен шұғылдануы да ғажап емес. Сұрағыңызға жауап беру үшін «Бейбітшілік кеңесінің» құрылтай құжаттарымен танысу керек болар. Десек те, мемлекеттік эгоизм салтанат құрған мына заманда бір ел басқа елдің жерін қорғау үшін үшінші елмен соғысады дегенге өз басым сене қоймаймын. Оның үстіне, халықаралық деңгейдегі уағдаластықтардың құнын түкке жарамай қалған БҰҰ Жарғысы мен Будапешт келісімі көрсетіп отыр емес пе? Сол себепті сыртқы қауіптерден сақтану – өзіміздің төл ісіміз боп қалады.
– Қызылордада өткен Құрылтай туралы бірер сұрақ. Вице-президент лауазымын қайтаруға қандай қажеттілік болды деп ойлайсыз? Президенттің Кеңесшісі мен вице-президент лауазымының салмағы мен Конституциядағы заңды құқықтарын (мәртебесін) салыстыруға келе ме?
– Өткендегі сұхбатында Президент Тоқаев: «Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым», - деген болатын. Сондықтан өз басым вице-президент лауазымының елге қайта оралуының үш себебі бар деп ойлаймын.
Біріншіден, бір емес, екі басшы басқаратын билік тармағы, шынымен де, күшейе түсетіні анық. Екеуінің арасында кикілжің бола қоймас, олай боп жатса, Президент бір сәтте вице-президентті орнынан алып тастай алады, өйткені біздің вице-президент басқа елдердегі секілді президентпен бірге сайланбайды, яғни оның бүкілхалықтық сенім мандаты болмайды, функционалына қарасаң, ол қазіргі мемлекеттік кеңесшінің кеңейтілген түрі ғана.
Екіншіден, десек те, вице-президенттің саяси жұлдызы жанатын бір кезең бар. Ол – президент белгілі бір жағдайға байланысты өз міндетін атқара алмайтын кез. Президент Тоқаев бұрынғы саяси статус-квоны (яғни билік уақытша болса да, Сенат төрағасына көшетін бапты) өзгертіп, екі айдың ішінде президент сайлауын өткізу керек деп жатыр. Сол кезде билік де-факто вице-президенттің қолына көшеді, биліктің басқа тармақтарының басшылары онымен санасуға мәжбүр болады.
Үшіншіден, өкінішке қарай, бізде саяси шешімдер, соның ішінде келесі президенттің кандидатурасын белгілеу әлі де бір адам – президенттің қолында қалып отыр. Міне, құқықтық тосқауыл болмаса, президенттің өзі ғана тағайындайтын вице-президент белгілі бір жағдайда болашақ президент боп шыға келуі де ғажап емес.
– Бұл лауазымға қоғамда әртүрлі кандидат лайықты деген пікірлер айтылып жатыр, сіздің ойыңызша, кім тағайындалуы мүмкін және болашақ кандидаттың қандай критерийіне қарап таңдау жасалады: іскерлігі мен қоғамдағы беделіне ме, әлде географиясы мен биографиясына мән беріле ме?
– Бұл өзі біздің қоғамға тән қызық әрі күлкілі жағдай дер едім. Байқап отырсам, вице-президенттікке талас осы күннен басталып кеткен сияқты. Соның бір көрінісі – әлеуметтік желілердегі әртүрлі болжаулар мен ұсыныстар, «әр балшықшы өз батпағын мақтайдының» кері боп тұр! Ішінде Өзіңіз айтып отырған «география да, биография да» бар. Өкінішке қарай, біздегі саяси сананың деңгейі сондай, тым қарабайыр болып тұр.
Және де ол бастамашылар бір нәрсені ұмытып кеткен сияқты: біз де алдын ала аты аталып, көзге түскен кез келген тұлғаның қарсыластары сол күннен бастап, оның құйрығына қоңырау ілуге тырысып, мәселесін май шаммен қарап, артын шұқи бастайды. Сол себепті бізді алдағы уақытта кескілескен, ешкімді аямайтын «компроматтар майданы» күтіп тұр! Талай қолдан жасалған, тек қызметімен ғана саяси салмаққа ие болған «авторитеттерден» айырылып қалуымыз да ғажап емес! Біразы лауазымынан түсіп қалса, қоғамдық сана мен ортада түк болмай қалады. Оны олардың өздері де біледі, сондықтан бүгінгі қызметтерінен айырылып қалмау үшін бәріне барады.
– Сенат таратылып, бір палаталы Парламентке біріктірілуінен Ақорда не ұтпақшы: экономикалық үнем жасау ма әлде саяси себебі болды ма?
– ЖИ-ға жүгінсек, әрбір сенатордың айлығы, көмекшілері, көлігі мен іссапарына жыл сайын 160-180 миллион теңге, ал жалпы Сенатты қаржыландыруға жыл сайын 9 миллиард теңге жұмсалады екен. Әрине, аз ақша емес.
Десек те, бұл шешімнің қаржылық астарынан гөрі саяси себебі басымырақ шығар. Қазақстан – унитарлы мемлекет, сол себепті Парламенттің бір палаталы болғаны заңды. Сенаттың да өз обалы жоқ: заң шығарушы орган ретінде ол өз халқымен, оның күнделікті мұң-мұқтажымен бірге болды деп айта алмаймыз, кілең бұрынғы шікірейіп қалған әкімдер мен министрлер, не басқа лауазымдылардан құралған ол «паркетті орган» боп қалды. Ескі Қазақстанның символы іспеттес оны тарату туралы сөз қозғалғанда «жоқ, бізге Сенат керек!», - деп ешкім көшеге шыға қойған жоқ. Сенаторлардың өзі де үнсіз қалды, ең болмаса, біреуі «біз мемлекетке адал қызмет етіп жатырмыз, саяси жүйеде Сенат сынды орган қажет!», - деп мінез танытуға жарамады.
Алайда, артық қыламын деп тыртық қылып алмайық: енді Парламент тек қана партиялық тізімдермен сайланатын болады, бір мандатты округтерде жеңіске жеткен, яғни нақты ауыл-аймақтың мүддесін қорғайтын депутаттар болмайды. Сол себепті болашақ партиялық тізімдерде міндетті түрде және тең дәрежеде өңір өкілдері болатындай заң қабылдануы керек, әйтпесе, Парламент тек астаналықтар мен алматылықтардан құралып кетуі ықтимал.
– Әлемдік саясатта үлкен ойыншылар ойыны мың құбылып тұр. Қазақстан Президенті Трамппен түс шайыспай, Си Цзиньпинмен сыйласып, Путинмен ескі дос ретінде қарым-қатынас жасап отырғаны анық. Бәрінің көңілін табамыз деп, «көңілшек» боп кетпейміз бе? Бұл құрмет, сыйластықтардың астарында әлдеқандай қаржылық «бартер» болуы мүмкін бе?
– Бізде бір кемшілік бар: мемлекет басшыларының кездесулері кезінде сыртқы формаға көп мән береміз. Дипломатиялық протокол деген бар, яғни, ондай кездесулер кезінде бір-бірін жылы қарсы алу, «Сіз мықты саясаткерсіз», - деп жұрттың көзінше жоғары баға беру – дәстүрлі жайт.
Көпвекторлы саясат ұстанып, «көңілшек» боп кету де ғажап емес. Ең бастысы, кез келген уағдаластықта Қазақстанның мемлекеттік һәм ұлттық мақсат-мүддесін аяқасты етпеу!
Еліміздің географиялық орналасуы мен қазба байлығы басқа елдерді, соның ішінде, алпауыттарды қызықтыратыны түсінікті. Мәселен, Венесуэлада «қара алтынның» соншама бай қоры, Гренландияда мұнай мен газ, сирек кездесетін элементтер, алтын мен уран, темір мен мырыш болмаса, Трамп сол елдерге көз тігер ме еді?
-2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың басына қарай Қазақстан үшін саяси өзгерістерге толы жыл болады деген алыпқашпа әңгімелер айтылып жатыр. Алдымен Парламент сайлауы өтіп, іле-шала кезектен тыс Президент сайлауы болмай ма, Құрылтайдағы реформалар сол өзгерістерге дайындық емес пе?
-Бәрі де болу мүмкін! Өкінішке қарай, бізде сол баяғы кезектен тыс саяси науқандар өткізу дәстүрі үзілмей-ақ қойды. Әйтпесе, 2022 жылы билік конституциялық реформа жасады емес пе? Керек болса, сол кезде жеті рет пішіп, бір рет кесіп, заман талап етіп, билік қалап отырған өзгерістерді енгізбеді ме? Соған қарағанда сол кездегі реформаның бір қайнауы ішінде болғаны ма? Олай болса, сол бастамашылардың атын атап, жұмыстан қуу керек емес пе? Әйтпесе, осы жолғы реформа да сол шикіліктің кебін киіп жүрмесін!
Әрине, белгілі бір заңдарды өзгерткенде кез келген билік: «мұның бәрі елдің жағдайын жақсарту үшін жасалып жатыр» дейтіні түсінікті. Алайда, отыз жыл бойына Конституцияны бір адамның ғана жағдайын жақсарту үшін сан рет өзгертіп, аяқастынан сайлаулар өткізіп келген ескі биліктің саяси құйтырқы әдеті мен әрекетінен әбден аузы күйіп, запы болған жұрт бұл жолғы бастамаларға да күмәнмен қарауы орынды. Плюралистік қоғамда сондай көңіл күй бар екенін билік түсінуі тиіс.Сол сенімсіздікті жою – биліктің өз қолында!
- Саяси өзгерістер болып жатса, Әміржан аға, сіз де қарап жатпайтын шығарсыз?
- «Құдайды күлдіргің келсе, оған өз жоспарыңды айт» деген қанатты сөз бар емес пе? Атам қазақ та: «арық айтып, семіз шық», - дейді.
Мен отыз жылдан бері ескі Қазақстанмен күресіп, оппозициялық саясаттың тар жол, тайғағын бір адамдай кешкен азаматпын. 2019 жылғы президент сайлауына қатысып, екі жақты қарсылық, қысымды көргенмін: бір жағынан билік болса, екінші жағынан менің жетістігімді көре алмаған кешегі «әріптестерім» маған қарсы жұмыс істеді. Ал «қан төгілмесін, қазағым аман болсын», - деп, көтерілісті емес, бейбітшілікті, революция емес, эволюцияны қалағанымды сол екі жақ бұра тартып, қараланып, біраз сөзге қалған жайым бар. Сол кезде «қан төгіледі» дегенге сенбеген біраз адам қаншама адам қырылған Қанды қаңтардан кейін мені түсінгендерін айтып, кешірім сұрап жатты. Сондықтан сайлауға қатысу, не қатыспау деген таңдаудың өз сұрауы бар. Сондықтан, бауырым, тым тарқата бермейін бұл сұраққа жауабымды.
Енді, міне, Жаңа Қазақстанды құрғалы жатырмыз. Бір жағынан, президент Тоқаевтың Әділетті Қазақстан туралы мәлімдемелері, «еститін мемлекет», «алуан түрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидаттарын қолдаймын, алайда осы құндылықтарды, Президенттің оң тапсырмаларын өміршең ету жағына көңілім толмайды.
Десек те, қазіргі таңда бір нәрсе анық: Бүгінде қоғам қақ жарылды, олар – билікке шаң жұқтырғысы келмейтін оның жағымпаздары мен «күл болмаса, бүл болсын», - деп, билік үшін қантөгіске баруға дайын радикалды көңіл күй иелері. Меніңше, дәл осы, бір-біріне қарама-қарсы екі күштің ортасынан орын алатын центристік (яғни либерализм мен социал-демократиялық тұғырнамалардың халықшыл жағын ұстанған, елдің мемлекеттік және ұлттық мақсат-мүдделерін қорғай алатын) қоғамдық-саяси күш қажет. Қоғамға сондай бір серпіліс керек-ақ, әйтпесе, бәрі ескі Қазақстанның саяси сценарийін қайталау боп шыға келеді. Ал ол формацияның арты не болғанын Өзіңіз білесіз...
-Уақыт бөліп берген сұхбатыңызға рақмет!
Жарас КЕМЕЛЖАН
