Жиынға шақыртылғандар санаулы. Олардың арасында аймақтың «Құрметті азаматтары», «Құрмет» орденінің иегерлері, облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшелері бар.
Ерте жастан еңбекке араласқан қарттарымызға қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Өйткені, бірі тылда жұмыс істесе, ендігісі әлі күнге ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келеді.
Салтанатты шара өзіне тән сәнімен басталып, қарияларды күмбірлеген күймен қарсы алды. Бұл кездесу, бұрынғыдан өзгерек десекте болады. Шараның алғашқы шымылдығы биылғы індет салдарынан бақилық болған ел азаматтарын еске алумен басталды. Артынша, өңірде атқарылған жұмыстар жайында әзірлеген бейнеролик көптің назарына ұсынылды.
Игі кездесудегі алғашқы сөзді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы алды. Өңір басшысы өз сөзінде «Биылғы жылы жер шарын дүрліктірген пандемияға байланысты өздеріңізбен жүздесу мүмкіндігі көп болмады. Сондықтан да, араларыңыздағы мерейтой иелеріне өз ілтипатымды білдіремекпін» деп жиналған ардагерлерге өзінің ыстық ықыласын білдірді.
– Халық тарихында хатқа түспеген бір асыл заңдылық бар. Ол – үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту. Сіздер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бар қиындықты көтеріп, елдің берекесін арттырып, қызмет жасадыңыздар. Елге бас болып, әр салада еңбектеніп, көштің көлікті болуына ықпал еткен – өздеріңіз болдыңыздар. Сол үшін алдыңғы буын ағалар – Сіздерге алғысымыз шексіз, – деп сөзін сабақтады Амандық Баталов.
Салтанатты қабылдау шарасында Амандық Баталов Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Көксу ауданының «Құрметті азаматы», Тәуелсіздік мерекесінде «Құрмет» орденін иеленген, Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Дина Нұрғалиқызын 80-жылдық мерейтойымен құттықтап құрмет көрсетті.
Басшының көрсеткен ықыласына ардагерлерде өз тарапынан алғысын білдірді. Солардың бірі, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт.
– Пандемияға қарамастан біздің басмызды қосып, қабылдауыңызға шақырғаныңызға үлкен рахмет! Сіздің бастамаңызбен толайым табыстарға жетіп келеміз. Көзге көрініп тұрған іс болғандықтан ауыз толтырып айтуға болады. Тіпті, облыстық Ардагерлер кеңесі қолға алған Абай атамыздың 175 жылдығына орай, «Өлмей тұғын артында сөз қалдырған…» және «Ерліктің даңқы, Елдіктің нарқы» атты кітаптардың жарық көруіне тікелей өзіңіз мұрындық болдыңыз. Сол үшінде дән ризамыз. Еңбегіңіз жансын, – деп сөзін қорытындылады.
Иә, өмірден көрген-түйгені мол абзал жандар, ақ сақалды қария мен ардақты аналар – бар жақсыға лайықты. Олардың ұрпақ ұлағатын арттырудағы орнының ерекше екені тайға таңба басқандай анық.
Жаңа жылдың қарсаңында, дөңгелек үстел басына жиналған қауымға Амандық Ғаббасұлы қиынға түскен жылға қарамастан жүзеге асқан жұмыстардың бір парасына тоқталып өтті.
– Елбасының Жарлығымен құрылған Райымбек ауданының дамуына ерекше айта өткен жөн. Тоқырау жағдайында қалған ауданға елдер қайта ағыла бастады, бұрын жұмыс іздеп кеткен 2 мыңға жуық жастар ауданға қайта оралды. Жас мамандар үшін баспана салудамыз, осы жылы Тәуелсіздік күніне орай маңызды әкімшілік және әлеуметтік нысандарды пайдалануға бердік. Халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарына қажетті қолдау тұрақты негізде көрсетілді атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 8 млрд. 879,9 млн. теңге бөлініп, 28 859 отбасыға немесе 85 мың адамға қолдау көрсетілді, оның ішінде – 21,4 мың бала. Осындай абыройлы табыстармен жаңа 2021 жылға қадам басып отырмыз. Маңызды кезең – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жақындадық, – деді өз сөзінде.
Жасыратыны жоқ, Бұл сандардың артында ел ағаларының күнделікті еңбегімі, ортақ мақсатқа ұмтылуы, қазіргі және болашақ даму үшін берік іргетасты қалаған құрметті ардагерлердің қомақты үлесі тұр. Осыған орай, жетісулықтардың еңбегі биылғы жылы да елеусіз қалмады.
Тәуелсіздік күніне орай облыстың 70-тен астам тұрғыны Президенттің Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды. Дария кеуде, тау мүсін ардақты ақсақалдардың орны бөлек. Халқымызда «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекерге айтпаса керек. Көпті көрген көнекөз, абзал жандардың жастар тәрбиесіне араласып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге қосар үлесі мол. Ардақтылардың өмір тәжірибелері алдағы уақытта да Жетісу өңірі мен елдің дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Асыл жандардың ғұмыр көлігі жүрісін, жүрек сағаты соғуын тоқтатпасын. Алтын қазық ағаларымыз, ақ жаулықты аналарымыз аман болсын деген ниет қана біздегі.
Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.