«AMANAT» фракциясы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін сынға алды

Жарбол Кентұлы 21 мау. 2024 19:53 4152

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Үкімет пен жоғары аудиторлық Палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті. Талқылау барысында Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бюджет қаражатын басқарудың қазіргі жай-күйіне сыни талдау жасады.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы 2 есеге өсіру межесін тапсырғаны белгілі. Осыған орай, Үкімет пен билік үшін алдағы 6 жылдық – тынымсыз жұмыс пен қажетті шешімдер қабылдайтын кезең болмақ. Дегенмен, экономиканың ахуалын бейнелейтін бірқатар көрсеткіштер әлі де көңіл көншітпейді. Мысалы, елімізде жұмыс істейтін 10 миллион адамның 9 миллионында несие бар болса, ал борышкерлер реестрінде, яғни қарызын қайтара алмай, қиналып жеке тұлғалардың саны – 3,4 миллион адам. Бұл цифрлар – халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының айқын көрінісі», – деді ол.

Фракция жетекшісі көтерген негізгі мәселелердің – бірі бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланылуы. Оның айтуынша, 2023 жылғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған. Оның ішінде 70 млрд теңге игерілмеген. Сол секілді елімізде төлемдердің шамамен 70 пайыздан астамы банк карталары мен жүйелері арқылы қолма-қол ақшасыз түрде жүргізілсе де, көлеңкелі экономиканың үлесі үлкен. Ол ресми деректер бойынша 25%-ті құрайды.

Ал бейресми мәліметтер бойынша одан әлдеқайда көп. Бұл – экономика саласында ашықтық пен бақылау жұмысы жеткіліксіз екенінің көрінісі. Сондай-ақ Елнұр Бейсенбаев Қазақстан бюджеті көмірсутектерге тәуелді екенін де атап өтті.

«Қазақстандағы мемлекеттік бюджет кірісінің 40%-ы табиғи рента есебінен қалыптасады және мұнай кірісіне тәуелді. 2023 жылы бюджеттің жоспарланған кіріс бөлігі салық түсімдері бойынша тек 90,4%-ға орындалды. Мысалы, корпоративтік табыс салығынан бюджетке 1 трлн теңгеден астам қаражат түскен жоқ», – деді халық қалаулысы.

Жоспарлау жұмысы да сынға ұшырады. Ол Үкіметтің бизнес алдындағы 1,2 млрд АҚШ доллардан астам ҚҚС қайтару және Ұлттық қордан жұмсалған 2 трлн теңгеден астам трансфертті пайдалану берешегінен байқалды. Бұған қоса, мемлекеттің жылдық бюджетінен асып түсіп, 27 трлн теңгеге жетіп отырған мемлекеттік қарыз мәселесі де көтерілді.

Бұл ретте, Үкімет геосаяси тұрақсыздық пен күрделі экономикалық сын-қатерлер жағдайында жұмыс істегенін де атап өту қажет. Өткен жылмен салыстырғанда инфляция екі есеге төмендеді, ал ұлттық экономиканың өсімі 5,1%-ды құрады. Сондай-ақ, заңсыз алынған активтерді қайтару және бюджеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындау жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр.

Осылайша, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясы Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітуді ұсынды.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар