Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздегі саяси жүйені қайта жаңғырту процесі конституциялық реформадан нақты бастау алды. Ендігі маңызды қадам – Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау.
– «AMANAT» сайлауда көпшіліктің дауысына ие болып жеңіске жеткен партия ретінде бүгін Премьер-Министр лауазымына кандидатура ұсынды. Мұндай тәжірибе Парламенттің рөлін күшейтіп қана қоймай, саяси партиялардың жауапкершілігін арттырады. Ендігі кезекте Үкіметтің жұмысы Фракция тарапынан жіті бақылауда болып, оның әрбір шешімі партия ішінде сұралатын болады. Бұл жұмыс Мәжілістегі Фракцияның беделі мен оның функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтеді, – деді партия Фракциясының жетекшісі.
Сондай-ақ, Елнұр Бейсенбаев қажет болса, партия тиісті шаралар қолдануға дайын екенін мәлімдеді.
– Бұл – Президент жариялаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының нақты іске асуы деп білеміз. Рас, соңғы бір жылда Үкіметке қоғам тарапынан айтылған сын аз болған жоқ. Бірақ, министрлер кабинетінің небәрі бір-ақ жыл жұмыс істегенін ескеруіміз қажет. Бір жыл – үкіметтің жұмысын объективті бағалау үшін тым қысқа уақыт, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Сонымен қатар, ол елімізде бағаның тұрақтамауы, жұмыссыздық, азаматтардың табысын арттыру, жылумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жақсарту, ауылды түлету сияқты Үкіметтің алдында аса ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
– Біз бұл мәселелерді жақсы білеміз және оны Үкіметпен бірге шешуіміз қажет. Үкіметті жиі ауыстырғаннан мәселелер шешілуі былай тұрсын, қордалана беретінін уақыт көрсетті. Сондықтан, министрлер кабинеті былтыр бастаған істі жалғастырып, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жұмысты тез арада ширатуы қажет, – деп түйіндеді ол.