– Бұл дау 2017 жылы тұтанған болатын. Сол кезде колледжіміздегі таэквондошыларды дайындайтын екі бапкеріміз Есбол Сұлтанбеков пен Төлеген Төлемұратов сөзге келіспей қалады. Сол сәтте Төлеген Есболға қол көтереді, бұдан кейін Есбол қарап қалсын ба, ол да қарымтасын қайтарады.
Оқиға болған күні кешке қасына екі шәкіртін ертіп Төлеген менің үйіме келіп, болған жайтты баяндады.
Содан кейін оған басу айтып, бұл мәселені жұмысқа барғанда талқылайтынымды айтып, шығарып салдым. Ол менімен кездескеннен кейін жарты сағаттың ішінде он бес шақты ата-ананы жинап, «31 арнаның» журналистерін шақырып, «Республикалық спорт колледжінде бапкерді сабап жатыр» деп жұртты шулатқан болатын.
Мен кейіннен ойланғанда бұл істің о бастан маған қарсы ұйымдастырылған шара екенін түсінгендей болдым. Өзіңіз ойлаңызшы, Төлеген менен араша сұрап келгеннен кейін оны қолдап немесе даттап ештеңе айтқан жоқпын. Ертесі жұмысқа барғаннан кейін бұл мәселені талқылайтынымызды айттым.
Ал Төлеген болса, таң атқанын күтпей бір сағаттың ішінде өзі жаттықтыратын балалардың ата-аналары мен «31 арна» журналистерін жинап, шу шығарғанын түсіне алмадым. Кейіннен ойлағанымда Төлегеннің қолымен от көсеп жүрген адамдардың бар екенін білдім.
– Олар кімдер, құпия болмаса айтсаңызшы?
– Олардың аты-жөнін жария етіп, бітпес даудың шетін шығаруға құлқым жоқ.
– Екі бапкердің «төбелесінен» кейін қандай шара қабылдадыңыз?
– Бапкерлердің өзара шекісіп, бір-біріне қол көтеруі әдепке сыймайтын қылық қой. Содан колледждің педагогикалық кеңесте олардың мәселесін талқылап, екуіне сөгіс жариялап, қалыптасқан жағдайды білім саласын бақылайтын тиісті орындарға хабарладық. Екуінде уақытша жұмыстан шететтік.
Кейіннен сөзге келген екі бапкеріміз де жас, сол себепті олардың әрекетіне кешіріммен қарап, кейіннен екеуін де жұмысқа қайта қабылдадым. «Ер шекспей, бекіспейді» деп ата-бабамыз айтқан ғой.
Бірақ екеуінің арасындағы дау ұлғая түсті. Төлеген өзі жаттықтыратын балаларды бөліп алып, оларды осы күнге дейін жұрттан бөлектеумен болды. Күні кеше ғана әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасаған балалар колледждегі өзге оқытушылармен амандаспайтын дәрежеге жетті.
– Әлеуметтік желі арқылы колледж бен сіздің атыңызға сын айтқан бапкер Төлеген Төлемұратовтың кәсіби біліктілігі жайында не айта аласыз? Ол өз айыптауында колледж басшылығы еңбегін бағаламай, жапа шегіп жүрген адам ретінде көрсетті. Оның ойымен келісесіз бе?
– Келіспеймін. Біріншіден, Төлеген спорт шебері емес. Ол мықты спортшы болса, таэквондодан Қазақстанның ұлттық құрамасының қатарында өнер көрсетіп, өзінің мықтылығын дәлелдер еді.
Ол әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде үлкен спортта өзін көрсете алмағанда кейбір спортшылар бапкерлікте жоғары жетістікке жететінін айтыпты. Әңгіменің ашығын айтсам, Төлеген өзі айтқандай спортта да, бапкерлікте де жоғары нәтижеге қол жеткізбеген адам.
Ал колледждегі таэквондошыларды жаттықтырып жүрген аға жаттықтырушы Есбол Сұлтанбековтің кәсіби біліктілігі жоғары. Таэквондо федерациясының шығарған рейтингісіне көз салсаңыз, оның дәл қазір таэквондо бойынша үздік бапкер екенін байқауға болады. Оны кез келген адам интернетті ашып, көз жеткізе алады.
Сонымен қатар ол спорт саласында да көптеген жетістікке жеткен азамат. Қазақстан бойынша таэквондодан 7 дүркін чемпион болған. Ал осындай білікті азаматқа аға жаттықтырушылық қызметті қалай сеніп тапсырмайсың. Меніңше, Төлегеннің көздеген мақсаты аға жаттықтырушы болу.
Иә, кез келген сарбаздың генерал болуды армандайтыны – заңды құбылыс. Өкінішке орай, ол мұндай мансапқа еңбек етіп жетудің орнына, шу шығарып, айналасын қаралап қол жеткізу жолын таңдаған сияқты.
– Амалбек мырза, Төлеген әлеуметтік желіде жастарды халықаралық жарыстарға жіберу үшін астындағы көлігін ломбардқа салып, 800 мың теңгеге қарызданып, жарысқа жібергенін айтыпты. Бұл қаншалықты шындық?
– Иә, онысын мен де естідім. Мұнысы енді шылғи өтірік. Колледж қабырғасында жастардың қандай жарыстарға қатысатыны жайында күні бұрын күнтізбелік жоспар дайындалады.
Сол жоспарға сәйкес мемлекеттің қаржысының есебінен балалар жарыстарға қатысып, ел намысын қорғайды. Балаларды жарысқа апару мәселесін бапкер шешпейді. Ол жоспар бойынша жүзеге асады.
Кей жағдайда қандай да бір өңірден келіп, біздің колледжде спорттық машығын шыңдап жүрген балалар жарысқа дайындалатын кезде облыстағы спортқа жауапты мекемелер аз-кем шығын шығарып, бірлесіп жұмыс істейтін кезіміз болады.
Өйткені ертеңгі күні спортшы бәсекеде топ жарып жатса, оның абыройы аймақ пен колледжге ортақ болады.
Ал Төлегеннің көлігімді ломбардқа өткізіп, балаларды жарысқа жібердім дегені құлаққа кірмейтін әңгіме. Керісінше, маған Төлегеннің бір ата-аналарға хабарласып, балаларын жарысқа апарамын деп ақша алғаны жайында шағым түсті. Оның ақ-қарасы тексерілетін болады.
– Балалардың оқудан шығарылғаны жайында не айта аласыз?
– Әңгіме басында Төлегеннің он баланы оқшаулап, жаттықтырғанын айттым ғой. Ол соңғы үш жылда бекер жүрмей, жас балаларды азғырып, колледжге қарсы қоюмен болды.
Үстіміздегі жылдың мамыр айының аяғында Төлеген жаттықтыратын балалардың арасында екі қыз бала бір-бірімен тәжікелесіп, Наргиз Ахметжанова деген қыздың ішіп отырған сусынына Нұриза Тұрарова есімді қыз белгісіз ұнтақты салып жібереді. Бұдан соң әлгі қыздың ата-анасы Төлегенге келіп мән-жайды баяндайды. Ол мәселені шешетінін айтып ата-ананы шығарып салады. Бірақ болған жайтты тәрбиешіге не болмаса бізге хабарламаған. Ол осылайша, бұл істі ұмыттырып жіберуді ойлаған ғой.
Арада 20 күннен аса уақыт өткеннен кейін ата-ана маған болған жайтты баяндап, Төлегенді жұмыстан шығару турасында талап қойды. Бұдан кейін ол кісіге бір ата-ана айтты екен деп мәселенің ақ-қарасын анықтамай жатып бапкерді жұмыстан шығара алмайтынымды айттым. Бірақ бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырмайтынымды ата-анаға түсіндірдім. Сол кезде колледждегі балалардың бәрі жазғы демалыста жүргеннен кейін бұл істі оқу жылы басталғанда қолға алатынымызды айтып, ата-анаға жазбаша түсініктеме бердік. Артынша, бұл мәселені ата-аналар комитетінде талқылап, болған жайтты колледж басшылығынан 20 күннен астам уақыт бойы жасырғаны үшін Төлегенге сөгіс жарияладық.
Ал арада біршама уақыт өткеннен кейін Наргиздің ата-анасы Төлегеннің атынан ішкі істер орындарына арызданды. Осыдан кейін маған ішкі істер органдарынан ата-ананың шағымы бойынша іс қозғағандарын, істің ақ-қарасы анықталғанша заң бойынша Төлегенді жұмыстан шеттету турасында хат жолдады.
Бұдан кейін мен заң талабына мойынсынып, оны жұмыстан шеттетуіме тура келді. Міне, содан кейін дау жаңаша қарқын алып жүре берді. Сол күні Төлегенді шақырып алып, ішкі істер органдарының талабы бойынша жұмыстан шеттете тұруға қатысты шешім қабылдағанымды айтым. Ол бұдан кейін заң талабына мойынсынып, кадр бөліміне барып, бұйрықпен танысып, қол қоюы керек еді. Болмаса бұйрықпен келіспейтінін ашық айтып, сотқа шағымдануы керек болатын. Бірақ ол бұл екеуінің бірін де істемей, тағы да балалар мен ата-аналарды колледж алдына жинап, дау көтеруге кірісті. Содан бері жалған ақпарат таратып, мені жөнсіз қаралап келеді.
Бұдан кейін Білім министрлігіндегі, Алматы қаласындағы жасөспірім балалардың ісімен айналысатын мекемелерге болған жайтты баяндап, болған іске қатысты бағасын беруді өтіндім. Өз кезегінде олар Төлегеннің балалардың қолымен от көсеп жүргені орынсыз екенін айтып, түсініктеме берді.
– Төлегеннің мәлімдемесін тыңдағанымызда сіз оның үсітенен қылмыстық іс қозғатқандай әсерге қалдық. Сонда ішкі істер органдарына шағымды ата-ана түсірген болып тұр ғой?
– Иә, ол мәлімдемесінде менің ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесіп іс қозғатқандай сипаттап, шындыққа сәйкес келмейтін әңгімені айтып, елге өзін жапа шегуші ретінде көрсетті.
Ал оған блогер Айгүл Орынбек те сеніп қалғанын байқадым. Шындығында, Төлегеннің үстінен шағымды ата-ана түсірді. Бұдан кейін ішкі істер қызметкерлері заң бойынша іс қозғап, оны уақытша жұмыстан шеттету турасында маған хат жолдады.
Сол аралықта Төлеген балаларды ұйымдастырып, бізге қарсы қойып, әлеуметтік желіден мәлімдеме жасатты. Осыдан кейін құқыққорғаушылар Төлегенді жұмыстан уақытша босатуды бізден талап етті. Олардың талабы заңға қайшы келмейді. Оны кез келген адам біледі. Өйткені айыпталушы өзінің қызметін пайдаланып, тергеуге кедергі келтірмеуі керек.
Міне, осыдан кейін Төлегеннің басын айналдырып алған он бала сабаққа қатыспай қойды. Ата-аналары балаларын үйлеріне алып кетіп, оқу мен жаттығуға қатыстырмады. Осы аралықта біздер спортта үлкен жетістікке жеткен Ислам Байрамуков, Нұрбақыт Теңізбаев сынды азаматтарды шақырып, балаларға сабаққа қатысуларының қажет екенін айтып, түсіндіруге тырыстық. Айталық, Ислам Байрамуков өзінің үлкен нәтижеге қол жеткізу жолында он шақты бапкердің алдын көргенін, кәсіби спорт үшін бапкерлердің ауысуы қалыпты дүние екенін айтып түсіндірді.
Нәтижесінде, он баланың төртеуі айтқан ақылға көніп, бүгінде сабағын жалғастыруда. Бір қыз бала екі айдан бері ауырып жатқанын айтып сабаққа қатыспауда. Ал төрт бала «Төлеген жұмысқа қабылданбаса, жаттығуға қатыспаймыз, бірақ сабаққа қатысамыз» деп табандап жатып алды.
Білім саласының нормативтік актісі бойынша, бала он күннен аса сабақ пен жаттығуға себепсіз қатыспаса, оқудан шығаруға тура келеді. Сол талап бойынша біздер 5 баланы амалсыз оқудан шығаруға мәжбүр болдық.
Төлегеннің арбауына түсіп қалған балалар мен ата-аналар болса, «біздің жаттықтырушымызды қайтармасаңыздар, Елбасы мен Президентке, өзге де заң орындарына шағымданамыз» деп қоқан-лоқы көрсетіп отыр.
Мен оларға «шағымданыңыздар, ол өз құқықтарыңыз» деп айтып едім, олар «Тшанов кімге шағымдансаңдар оған шағымданыңдар» деп айтты әңгіме таратып, сөзімнің тонын теріс айналдырып алыпты. Енді мен оларға не деуім керек, түсінбедім. Міне, үш жылдан бері осы дау-шардың соңында жүріп, бір құшақ құжат жинадық. Менің кез келген бала мен ата-ананың алдында жүзім жарық. Мұндай құқайдың талайын көрген адаммын.
Сондықтан Төлегеннің ата-аналар мен балаларды алға салып, байбалам салып көздеген мақсатына жетем деуі далбаса. Мен дау ушыққан сәтте хаттама жасатып, заң аясында әрекет етіп келемін. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді деген осы екен.
– Бапкерлерді жұмысқа қабылдау ісіне ата-аналар мен оқушылардың қатысы жоқ шығар?
– Әрине, соны ата-аналарға айтып түсіндіре алмадық. Бапкерлер мен оқытушыларды жұмысқа қабылдаудың өзіндік жөн-жобасы бар. Олар түк таппаған соң, «Тшанов колледжге туған-туысқандарын жинап алыпты» деп күйе жаққанын өздеріңіз де естіген шығарсыз. Бұл енді – жала.
Енді Төлеген Айгүл Орынбек есімді блогердің жеке парақшасы арқылы менің атыма қатысты талай ауыр сөздер айтты. Меніңше, ол құр сөзбен қуырдақ қуырып, халықтың эмоциясымен ойнауға көшкен секілді.
Айгүл қарындасымыз қарсы тараптың ойын тыңдап алып, мені жемқор деп айыптағаны жаныма қатты батты. Ол жапқан жаласы үшін сот алдында жауап берді.
Айгүл Орынбек бапкер мен ата-аналармен сөйлескеннен кейін колледжге келіп, мән-жайды сұраса біз оның кеудесінен итермес едік. Қалаған бапкер, қалаған баламен сөйлесер еді. Айгүлдің өзі заңгер екен. Заңгер адам кез келген дау-шардың екі ұшы болатынын білуі тиіс қой. Ол өзінің орынсыз айыптаулармен колледждегі бапкерлерге тіл тигізіп, жұмыстарын іске алғысыз қылды.
Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, жұрт алдында былайша ұпай жиаудың не қажеті бар? Оның әділетсіздік, жемқорлық істермен күресіп жүргенін қолдаймын. Бірақ істің байыбына бармай жатып, отқа май құйғанын ақылға жеңдіре алмадым.
Мен кез келген уақытта сот алдында өзімнің ақ адал екенімді дәлелдеп бере аламын. Қазақы кеңшілікке салып, жас жігіт түзелетін шығар деп үміттеніп едім. Бұл әрекетімнің қате болғанын енді түсініп отырмын. Алдағы уақытта маған күйе жаққан жандардың бәрі айтқан сөздері үшін сот алдында жауап беретін болады. Бұдан басқа амал қалмады.
Сұхбаттасқан Нұрлан ӘУБӘКІР