"Алтын ордада" телефон сатамын деп ажал құшқан жігіттің жақындары үндеу жасады

Dalanews 13 шіл. 2022 05:31 781

"Алтын орда" базарында ауыр соққы алып, 1 айдан кейін көз жұмған 23 жастағы Қайнар Біләлдің ата-анасы ұлының өліміне Талғар аудандық орталық ауруханасын кінәлап отыр. Базардағы жанжал 14 маусымда болған, деп хабарлайды Dalanews.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Желіге тарап, жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан бейнежазбаны 14 маусым күні "Алтын орда" базарындағы куәгерлер түсіріп алған. Онда ағатайлап жалынған жігіт 2 рет ауыр соққы алғаны анық көрінеді. Бірақ ол кезде Қайнар 500 мыңның телефоны үшін бақилық боламын деп ойламаған да еді.

"Көмектесетіндей ешкім ештеңе түсінбей қалды. "Ағатай, телефонымды бер" деп жалынып жатыр. Оның қолында пышақ болды ғой. Қыздар көмектесті", – деді куәгер.

Басына тиген ауыр соққыдан ауруханада көз жұмған жас жігітті жақындары 11 шілдеде ақтық сапарға аттандырды. Туыстары кісі өліміне себепкер болған күдіктіге қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр.

"Мұнда белгілі жүйе бар секілді. Алдымен күйеуіме балалы әйел келіп, телефонды қайда сатуға болатынын айтқан. Қайнар сол кезде-ақ бір шикілікті сезгенін айтты, бірақ телефонын сатпақ болған. “Алтын ордада" күткен. Екі жігіт келіп, көремін деп ұялы телефонын алған. Бермей, ұрған ғой", – деді марқұмның жары Шынар Дәулетқызы.

Қаскөйдің қолынан қаза болған Қайнардың қара шаңырағы қаңырап тұр. Оның артында анасы мен жары қалды. Марқұмның анасы 6 күн бойы ауруханада жатқан ұлына дер кезінде дұрыс ем жасалғанда тірі қалар еді дейді.  Ол "Басындағы ұйыған қанды о баста алып тастауға болатын еді ғой" деп қынжылады.  


"Талғардың дәрігерлеріне айтар шағымым бар. Баламды дұрыс қарамады. Есіктің алдындағы итіңді де сылап-сипайсыңдар ғой, сонда балам ит құрлы болмады ма? Әбден бес-алты күн болғаннан кейін өзге дәрігерге жіберген. Қалаға алып бару үшін жедел жәрдем көлігін де ұсынбады. Тек ауруды басатын дәрі сала берді, бірақ ота тағайындамады", – деді марқұмның анасы Пәтігүл Мұзартбекқызы.

Асыраушысынан айрылған ананың арызын естіген ақ халаттылар 6 күнде жағдайы қанағаттанарлық болған соң, облыстық ауруханаға жөнелтуді жөн санадық деген жауап берді.

"Келген кезде жағдайы орташа ауыр болды. Сол жақ бет сүйектерінің сынуы диагнозымен жатқызылған. 14 маусымнан 20 маусымға дейін 6 күн осында травматологияда жатып, жағдайы қанағаттанарлық болғасын келісіліп, облыстық ауруханада ота жасауға ауыстырылған", – деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Бақыт Жәмеков.

Бақыт Жәмековтың айтуынша, Талғардағы ауруханада ота жасауға себеп болмаған.

"Ота жасауға сол кезде  көрсеткіш болған жоқ. Біріншіден, мен ондай ешқандай пікір бере алмаймын. Оны бізге беретін құзырлы органдар бар, сот-медициналық сараптама бар", – деп қосты Бақыт Жәмеков.

Ал ауыр соққыға жығып өлтірді деп күдікке ілінген Жамбыл облысының 28 жастағы азаматы қамауға алынды. Алматы облыстық полиция департаментінің дерегінше, ол жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ұсталған. Марқұмның отбасы құзырлы органдар істі әділ тергесе екен дейді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы "Алтын Орда" базарында ер адам телефонын қайтармақ болған жігітті ұрып тастаған еді. Алайда алған соққылардан кейін жігіт ауруханаға түсіп, 8 шілдеде жан тапсырған.

https://youtu.be/F0x1mbLwYRk

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар