“Алтайдың жобасына қаржы керек!”. Түркістандық шаруалар Тоқаевқа үн қатты

Қаракөз Амантай 07 сәу. 2025 14:51 374

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері қуаңшылық мәселесін шешу үшін Президентке үндеу жолдады. Олар бұл тұрғыда Алтай Айнабектің жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан “жасанды жауын” жобасының тиімділігін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шаруалар елдегі су тапшылығы мен экологиялық дағдарыс мәселелерін шешу мақсатында, Экология және табиғи ресурстар министрі мен Су және ирригация министрінің отставкаға кетуін талап етті.

“Құрметті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз "Әділетті Қазақстан" мен "Жаңа Қазақстанды" құрып, халық үніне құлақ асатын Үкіметті басқарып отырсыз. Алайда су тапшылығын алдын алу және экологиялық дағдарысты шешу жолында аталған министрліктердің нәтижесі көңіл көншітпейді”, — деді олар.

Осы тұста олар Алтай Айнабек жетекшілік ететін "жасанды жауын" жобасының ұтымдылығына тоқталды.

“Алтай мырзаның еңбегі мен жаңа технологиялары арқасында жауын-шашын молайып, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің егіндері екі есе көбейді. Оның жобасы су тапшылығын шешуге үлкен септігін тигізді. Біз осы жобаның әрі қарай дамуын және Алтай мырзаға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілуін талап етеміз”, – делінген үндеуде.

Шаруалар, егер осы үндеулеріне жауап болмаса, халық үніне құлақ асатын үкімет заңнамасы бойынша бейбіт шеруге шығатынын да мәлімдеді.

“Біз, дән-тұзымен қамтамасыз етіп отырған шаруалар, су мен экология мәселелерін шешуде нақты шаралар қабылдауды және өз үндеуіміздің орындалуын талап етеміз”, – дейді олар.

Айта кетейік, қолдан жаңбыр жауғызып жүрген қазақстандық ғалым Алтай Айнабек әлемжеліде "жаңбыр адам", "қазақтың Тони Стәркі" деген лақап аттарымен танылып келеді. Алтай - Климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының (International Center of Climate Change Technologies) басшысы, “Жасанды жаңбыр жауғызу” технологиясының авторы. Бірнеше жыл бұрын Маңғыстаудағы қуаңшылық мәселесін шешуге атсалысқан маман кейінгі уақытта Аралдың жай-күйіне де ерекше назар аударған еді.

Бұған дейін ол әлеуметтік желідегі парақшасында ауқымды идеясын жүзеге асыруда жоғары лауазымды шенділер мен биліктен ешбір қолдау таппағанын тілге тиек еткен еді.

Айтуынша, бұл жобаны іске асыруда мемлекеттен арнайы қаржы бөлінбеген. Ал алдағы уақытта ел тарапынан белгілі бір деңгейде қолдау болмаса, шетел асып кететінін жасырмады.

"Бізде адам баласымыз, қолдау болмаса, әрине, шетелге кетемін. Түсінікті ғой, барлық адам айлық алады, шығарған өнімін сатады. Аралға қаншама билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар келіп жүр. Олардың барлығы айлық алады әрі іс-сапарға кеткен шығындарын өндіріп алады.

Өкінішке қарай, нақты ешнәрсе шешілмей келеді. Бізге ешкім қаржы бөліп жатқан жоқ. Қазір тіпті АҚШ пен ЕО елдерінде үлкен проблема бар, жерде қалмаймыз. Бірнеше мемлекеттермен келісімдеріміз де бар", - дейді ғалым.

Тұтас бір елдің жүгін арқалауға шешім қабылдаған ғалым аталмыш істің қиындықтарына да тоқталып өтті.

Ғалымның сөзінше, су ресурстарын саяси құрал ойындары етіп отырған топтар да жоқ емес.

"Бірақ біз саясатпен айналыспаймыз. Бізге тек ғылыми, технологиялық кванттық скачек жасау керек екенін ұғындырғымыз келеді. Сондай-ақ Ц5 елдерінің қазіргі жаһандық жылыну кезеңінде су қауіпсіздігін, климат, ұлттық және азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосқымыз келеді", - деді ғалым.

Еске салайық, 2021 жылы қуаншылық салдарынан Маңғыстау облысында шөп шықпай, шаруаларға қиын соққан еді. Осыдан кейін жасанды жаңбыр жаудыру туралы бастама көтерілген болатын.

Сол мақсатты жүзеге асыру үшін "Грант Қазақстан" корпоративтік қорының "Central Asian Center of Climate Change Technologies" серіктестігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі арасында 3 жақты келісім жасалды. Осы тұста жоба жетекшісі Алтай Айнабек орнатқан қондырғылар нәтижесінде Маңғыстауға жасанды жаңбыр жауған еді.

Ал 2024 жылдың жазында Арал өңірінде жасанды жаңбыр жауғызу жобасы қолға алынды. Қуаңшылықтан көз ашпай, экологиялық ахуалды бастан кешіп отырған Арал тұрғындары үшін бұл күтпеген жаңалық болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар