Алматының Алатау ауданындағы тұрғын үй кешенінің тұрғындары бірнеше күннен бері су мәселесі шешілмей отырғанына наразылық білдіріп, Саин көшесінде жолды жапты. Тұрғындардың айтуынша, коммуналдық қызметтердегі ақаулар бірнеше айдан бері жалғасып келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
«София» тұрғын үй кешенінің тұрғындары тек ыстық судың емес, электр жарығы, жылу және суық су жүйелерінде де тұрақты мәселелер туындайтынын айтады. Олардың сөзінше, коммуналдық төлемдерді уақытылы төлегенімен, қызметтердің үзіліп қалуы жиілеген. Бұл тұрғын үй кешенінің құрылысшысы - Time Group Construction компаниясы.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мәселенің бір себебі ОСИ-дің электр энергиясы бойынша берешегі мен көрсетілген қызметтер үшін төлемдердің уақытылы жүргізілмеуіне байланысты болуы мүмкін. Соның салдарынан қазандықтың электр қуатынан ажыратылу қаупі туындаған.
Жағдайға алаңдаған тұрғындар мәселені шешуді талап етіп, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Оқиға орнына полиция қызметкерлері де келген.
Тұрғындар коммуналдық инфрақұрылымның жағдайын тексеріп, инженерлік желілерге түсетін жүктемені азайту және су мен жылу жүйелеріндегі тұрақты үзілістерді тоқтату мәселесін шешуді талап етті.