Алматыда Toyota көлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабына бағынбай, оқиға орнынан қашуға әрекеттенген. Оны ұстау үшін бірнеше патрульдік полиция экипажы жұмылдырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Олар жүргізушіні Сейфуллин даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесі қиылысына дейін қуып, сол жерде тәртіп сақшылары көліктің жолын бөгеп, жүргізушіні ұстаған.
Кейін сот-наркологиялық сараптама нәтижесінде 42 жастағы ер адам орташа дәрежеде масаң күйде көлік басқарғаны анықталған.
Оған әкімшілік материалдар рәсімделді. Енді ол көлікті мас күйде басқарғаны және полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамағаны үшін сот алдында жауап береді.
"Ең бастысы қауіпті жүргізуші дер кезінде тоқтатылды. Бұл жағдай жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін еді", - деді полиция.