Алматыда Түрксіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында адам өлтіруге оқталу дерегін ашып, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, екі таныс адамның арасындағы жанжал күндіз мегаполистің төменгі бөлігіндегі кафелердің бірінің маңында өткен іс-шара кезінде басталған. Бастапқыда дау осы жерден аяқталғандай көрінгенімен, біраз уақыттан кейін жанжалға қатысушылардың бірі қарсыласының үйіне барған.
Кезекті сөзге келу барысында үй иесі аңшы мылтығын алып шығып, ер адамға оқ атқан.
Оқ жарақатын алған 31 жастағы жәбірленуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде күдікті ізін суытпай ұсталды. Адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар тәркіленген мылтықтың шығу тегі мен оны сақтаудың заңдылығы тексеріледі.