Алматыда полицияға есірткі қылмыстарын анықтауға көмектескен курьер ақшалай сыйақы мен бағалы сыйлықтарға ие болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мегаполис тұрғыны есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне бірнеше рет ықтимал құқық бұзушылықтар туралы ақпарат беріп отырған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оның хабарламаларының бір бөлігі расталып, жедел іс-шараларды ұйымдастыруға негіз болған.
Есірткі қылмыстарына қарсы күреске қосқан үлесі үшін азаматқа құрмет грамотасы мен алғыс хат табысталды. Сонымен қатар Алматы қалалық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңесінің өкілдері оған iPhone 17 смартфоны мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы берген.
Марапатталған азаматтың жеке басы жарияланбайды. Қауіпсіздік мақсатында құқық қорғау органдары оның аты-жөнін, фотосуретін және жеке тұлғасын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді таратпай отыр.