Алматыдағы Forum Almaty сауда-ойын-сауық орталығында киноға барған 29 жастағы жігіт қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, ол попкорнға қақалып қалған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 17 мамыр күні болған. Марқұм кинотеатрға бұрынғы сыныптас қызбен бірге келген. Сеанс басталар алдында ол попкорн сатып алып, кейін қақалып қалған.
Туыстарының сөзінше, әуелі жігіттің жағдайы дәретханада нашарлаған. Ол жерде құсып, кейін өзіне жеңілдеп қалғанын айтқан. Осыдан кейін екеуі кино залына кірген. Алайда біраз уақыттан соң жігіт тамағы жыбырлап тұрғанын айтып, өзін жайсыз сезіне бастаған. Кейін жағдайы күрт нашарлаған.
Жақындарының айтуынша, ол біраздан кейін «жүрегім қысылып тұр» деп шағымданып, сырт киімін қасындағы танысына бергеннен кейін есінен танып қалған. Оқиға куәгерлері дәрігерлер келгенге дейін алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Бірақ жігітті аман алып қалу мүмкін болмаған.
Марқұмның туыстары бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деп есептейді. Олардың пікірінше, егер жанында тұншығу кезінде дұрыс көмек көрсете алатын адам болғанда, жігітті құтқарып қалу мүмкін еді.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары жігіттің өліміне не себеп болуы мүмкін екенін талқылай бастады. Кейбірі оның анафилактикалық шок алған болуы ықтимал деген болжам айтып жатыр.