Алматы облысындағы ҚТҚ полигонында шыққан өрт оқшауланды

Алматы облысындағы ҚТҚ полигонында шыққан өрт оқшауланды
112 KZ

Алматы облысының Жамбыл ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өрт 500 шаршы метр аумақта оқшауланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өрт бүгін Ұзынағаш ауылының шығаберісіндегі қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан.

Оқиға орнында жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды. Полигонның жекелеген учаскелерінде қалдықтардың жиналу тереңдігі 3–5 метрге дейін жетеді. Бұл өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр.

Су полигонға арнайы көлікпен жеткізілуде. Өрттің әрі қарай таралуына жол бермеу үшін бульдозерлердің көмегімен жанбаған қалдықтарды жанып жатқан учаскелерден бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар өрт ошақтарына су себілуде.

Тиегіштер мен самосвалдардың көмегімен қалдықтарды басқа жерге көшіру және үстін инертті материалдармен жабу жұмыстары атқарылуда.

Өртті сөндіруге Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың және ҚР ТЖМ Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің 33 қызметкері мен 22 техникасы жұмылдырылды. 28237 әскери бөлімі Ұзынағаш ауылында орналасқан. 

Өрт 500 шаршы метр аумақта оқшауланды. Қазір оны толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.