Алматы облысында құқық қорғау органының қызметкері өлі табылды. Марқұмның сүйегін мал іздеп жүрген тұрғындардың бірі Кеген ауданындағы таулы аумақтан байқаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
"КТК" арнасының мәліметінше, 15 жыл ішкі істер саласында еңбек еткен азамат қол-аяғы байланған әрі өртенген күйде жатқан. Жақындары марқұмды жер қойнына тапсырған.
Алдын ала мәлімет бойынша қылмыс Алматы қаласында жасалған болуы мүмкін. Қазір марқұмның жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы және оның досы күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынған.
Көршілерінің айтуынша, отбасы жайлы бұрын ешқандай жағымсыз әңгіме болмаған. Оқиға болған күні де күмән тудыратын шу немесе жанжал естілмеген.
"Ештеңе білмейміз. Өте жақсы адамдар еді. Өзі де, жұбайы да", - дейді көршілері.
Марқұмның артында жеті баласы қалған.