Алматы облысында алаяқтар UFC спортшысы Олег Тактаровтың бейнесін пайдаланған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полицияның мәліметінше, қазір қаскөйлер жасанды интеллект көмегімен танымал адамдардың бейнесі мен дауысын қолдан жасап, өздерін банк немесе арнайы қызмет өкілі ретінде таныстыратын болған.
Осындай жағдайлардың бірінде полиция қызметкеріне белгісіз адамдар хабарласып, өздерін Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар әйелдің атына заңсыз есепшоттар рәсімделгенін айтып, ақшаны "заңдастыру" үшін аударуға көндірмек болған.
Кейін алаяқтар бейнеқоңырау арқылы өзін арнайы қызмет өкілі ретінде көрсеткен адамды байланысқа қосқан. Оның бейнесі ресейлік спортшы әрі актер Олег Тактаровқа қатты ұқсаған.
Алайда полиция қызметкері алаяқтық белгілерін бірден байқап, әңгімені тоқтатқан. Әшкереленгенін түсінген күдіктілер қайта хабарласпаған.
Полиция мұндай алаяқтық тәсілдері кейінгі кезде жиілеп кеткенін айтып, азаматтарды сақ болуға шақырды.