Алатау ауданында әлеуметтік инфрақұрылым белсенді түрде дамып келеді. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты,– деп хабарлайды Dalanews.kz
Аудандағы оқушы орындарының тапшылығы – 6,1 мың орын. Бұл мәселені шешу мақсатында өткен жылы жергілікті бюджет есебінен «Саялы-2» шағынауданында 550 орындық жаңа мектеп салынды. Сондай-ақ «Зерделі» шағынауданында тағы бір 550 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алатау ауданында жалпы сыйымдылығы 12,7 мың оқушыны қамтитын 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылында Теректі, Самғау, Қарасу және Ақбұлақ шағынаудандарында бес мектеп ашу жоспарланған.
Ал «Алғабас» және «Ғажайып» шағынаудандарындағы екі мектептің құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталмақ.
Айта кетейік, Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 34,8 мың жаңа оқушы орны ашылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, қолданыстағы мектептердің сыйымдылығын арттыру мақсатында №195, 174, 35, 112, 99 және 73 мектептерге қосымша ғимараттар салынып жатыр. Бұл 1 755 қосымша оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 11 білім беру мекемесінде қайта жаңғырту және сейсмокүшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар: №33 лицей, №161 лицей, №191, №58, №189, №50, №160 мектептер, №59 мектептің филиалы, сондай-ақ, №73, №30 және №60 гимназиялар.