Алматыдан Ақордаға дейін: үкіметтегі элита маршруты

Dalanews.kz 02 қыр. 2025 13:25

Қазіргі таңда Қазақстан үкіметінде шешім қабылдайтын негізгі құрамда 26 адам бар. Олардың қай өңірден шыққанына зер салып қарағанда, биліктің географиялық бет-бейнесі айқындалады. Үкіметтегі ең ықпалды топ Алматы қаласы мен Алматы облысының өкілдерінен құралған. 11 министрдің осы өңірден шыққаны кездейсоқтық емес, бұл еліміздің саяси және экономикалық орталығының оңтүстікке қарай ауысқанының бір көрінісі болуы да ғажап емес, деп хабарлайды Dalanews.kz NewTimes.kz-ке сілтеп.

Алматыдан шыққан министрлердің ішінде Премьер-министр Олжас Бектенов пен оның үш орынбасары (Қанат Бозымбаев, Мұрат Нұртілеу, Ермек Көшербаев) бар екені назар аударарлық жайт. Қаржы, әділет, цифрлық даму, энергетика сынды стратегиялық маңызды салаларды басқарып отырған тұлғалардың да осы өңірден болуы Алматы элитасының мемлекеттік шешімдерге тікелей ықпал ету мүмкіндігін арттырып отыр.

Екінші бір назар аударуға тұрарлық мәселе – елдің батыс аймақтарының үкімет құрамынан тыс қалуы. Қазақстан экономикасының тірегі саналатын мұнай-газ өндіретін аймақтар – Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері министрлік орындардан мүлде шет қалған. Бұл фактор аталған өңірлердің саяси шешім қабылдау процестерінен оқшаулануының белгісі болуы мүмкін.

Керісінше, өнеркәсіптік-экономикалық және әлеуметтік белсенділігі жоғары Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен солтүстік өңірлердің саяси элитасы үкімет құрамында тұрақты позицияға ие. Мысалы, бірінші вице-премьер Роман Скляр Павлодардан, ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шығыс Қазақстаннан, сауда министрі Арман Шаққалиев Қарағандыдан шығып, өз өңірлерінің саяси беделін нығайтып отыр.

Жалпы алғанда, оңтүстік өңірлердің басымдығы айқын байқалады. Министрлер кабинетінің 40%-ы оңтүстіктен шыққан. Қызылордадан шыққан үкімет аппараты басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және білім министрі Ғани Бейсембаев оңтүстіктің үкіметтегі орнын күшейтіп отыр. Ал Жамбыл облысынан шыққан екі министр – су ресурстарын басқаратын Нұржан Нұржігітов пен көлік министрі Нұрлан Сауранбаев та осы тенденцияны жалғастырады.

Үкімет мүшелерінің жасы да өзара топтасуды аңғартады. 1969 жылы туған Серік Жұманғарин, Қанат Бозымбаев, Ғани Бейсембаев пен Дәурен Қосановтың үкіметте қатар жүруі, саяси шешімдерде олардың ортақ ұстанымы мен ынтымақтастығын күшейтуі ықтимал.

Дегенмен, министрлер құрамындағы гендерлік теңсіздік мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. 26 адамның небәрі үшеуі ғана – әйел. Осы үш әйелдің өзі мәдениет, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау секілді «дәстүрлі» салаларды басқаруы Қазақстан үкіметіндегі гендерлік саясаттың символдық деңгейден аса алмай отырғанын көрсетеді.

Бұл үрдістер Қазақстанның саяси-экономикалық дамуына ғана емес, аймақаралық элиталар арасындағы қарым-қатынастарға да тікелей әсер етеді. Үкіметтің географиялық құрамы алдағы уақытта өңірлер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, жаңа саяси тепе-теңдік қалыптастыруы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
Жемісті 7 кітап
02 қыр. 2025 17:40