Алматы қаласы әкімдігінің Мемлекеттік активтер басқармасы “Жас отау” неке сарайын сенімгерлік басқаруға алған “Алтын дән Қазақстан” компаниясына қарсы кезекті сотта тағы да жеңіске жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Bes.media агенттігінің мәліметінше, тарихи-мәдени мұра саналатын нысан 2016 жылы 20 жылға “Алтын дән Қазақстан” компаниясына сенімгерлік басқаруға берілген. Компания келісім бойынша сарайға кемінде 500 млн теңге көлемінде жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізуі тиіс болған.
Алайда міндеттемелер орындалмаған соң, прокуратура 2022 жылы келісімді бұзуды талап етті.
2023 жылы сот ғимаратты мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
2024 жылы шешімді уақытылы орындамағаны үшін компаниядан 1,2 млн теңге айыппұл өндірілді.
Даудың жаңа кезеңінде жағдай басқаша өрбіді. Бұл жолы компанияның өзі мемлекеттік органнан шығындарын өтеп беруді талап етті.
“Алтын дән Қазақстан” сенімгерлік басқару кезінде жөндеу, абаттандыру және жабдықтауға қаржы салғанын алға тартып, мемлекеттен 157,3 млн теңгені өндіріп беруді сұрады.
Мемлекеттік активтер басқармасы сотта бұрынғы шешімдерге сүйене отырып, компания өз міндеттемелерінің басым бөлігін орындамағанын еске салды.
Атап айтқанда, жобалық-сметалық құжаттама дайындалмаған, күрделі жөндеу жүргізілмеген, инвестициялық жоспар жүзеге аспаған, нысанның өзі нашарлаған.
Бұл деректер прецеденттік сипатқа ие, яғни қайтадан дәлелдеуді қажет етпейді.
Прокурор да талапты қанағаттандыруға негіз жоқ екенін айтты.
Сот та компанияның талап арызын қанағаттандырмады. Оған себеп шығындардың негізділігі дәлелденбеген, келісілген жобалық құжаттар жоқ, уәкілетті органдардың рұқсаттары ұсынылмаған, тарихи нысан болғандықтан, Мәдениет басқармасымен келісім де алынбаған.
“Алтын дән Қазақстан” ЖШС-нің 157,3 млн теңге өндіру туралы талабы қанағаттандырылмасын”, — делінген соттың ресми шешімінде.
