Алматыда мейрамхананың ойын бөлмесінде алты жастағы балаға қол көтерген ересек азаматтың әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ер адамның баланы екі рет ұрған сәті анық көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, бала құрдастарымен бірге құрғақ бассейнде ойнап жүрген. Сол сәтте ата-аналардың бірі балалардың әрекетіне наразылық білдіріп, ашуын алты жасар балаға жұмсаған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, баланы ұрған ер адам Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі болуы мүмкін.
Жәбірленуші баланың әкесі бұл әрекетті азаматтық ар-ожданға сыймайтын сорақылық деп бағалап, қоғамдық қызметтегі адамның мұндай ісі ешқандай ақтауға келмейтінін жеткізді.
"Бұл адамның әрекеті Алматыдағы қоғамдық кеңес мүшесінің беделіне мүлде сай келмейді. Мұндай оқиғаға тиісті органдар бейжай қарамауы тиіс деп есептеймін", — деді ол.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға орнына тәртіп сақшысы 6 минутта жетіп, мән-жайды анықтаған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық қыр-сырын зерттеп, тиісті процессуалдық шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиға — балалар қауіпсіздігі мен ересектердің жауапкершілігіне қатысты маңызды мәселені тағы бір мәрте көтеріп отыр.