Алматыдағы Медеу және Бостандық аудандарында суық су беру уақытша шектеледі

Ақтоты Жапатова 12 мам. 2025 13:58 220

Алматының Самал шағын ауданында тұрақты әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін су құбыры желісінің толық жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаңартылған су жүйесі 25 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Бұл желі 13 мамыр күні іске қосылады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл күні сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін Медеу және Бостандық аудандарында суық сумен жабдықтау уақытша шектеледі. Су беру уақытша тоқтатылатын аймақтар:

  • Медеу ауданы – Назарбаев даңғылы, Сәтбаев көшесі, Достық даңғылы және Жолдасбеков көшесінің шекарасында орналасқан аумақтар, соның ішінде Самал-1, Самал-2 және Самал-3 шағын аудандары;
  • Бостандық ауданы – Померанцев көшесі, Ганди көшесі, Назарбаев және Әл-Фараби даңғылдарының арасындағы аймақтар.

Жаңғыртылған су құбыры «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инвестициялық бағдарламасы аясында жүргізілді және бұл қаладағы су жүйесінің сенімділігін айтарлықтай арттырады.

Аталған су желілері алғаш рет 1985 жылы арнайы жүріп өту арнасы арқылы салынған – бұл технологиямен жасалған қаладағы жалғыз учаске. Жаңғырту жұмыстарына дейін құбырлардың тозу деңгейі 80%-дан асқан болатын. 2024 жылы ұзындығы 4,369 шақырым, диаметрі 300 мм болатын учаске толығымен ауыстырылды. Барлық жұмыс қазусыз, жол қозғалысын шектемей жүргізілді.

Жалпы, қалада инженерлік желілерді жаңғырту және реконструкциялау бойынша кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр. Осылайша, қабылданып жатқан шаралар 2025 жылы сумен жабдықтау желілерінің тозуын 52,9%-ға, су бұруды 53,9%-ға, электрмен жабдықтауды 63,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар