Қазақстанның мәдениет және өнер саласы ауыр қазаға душар болды. Көрнекті педагог, камералық вокал өнерінің білгірі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ардагер ұстазы Науат Темірханова дүниеден өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне, шәкірттеріне және барша өнерсүйер қауымға қайғыра көңіл айтты.
Науат Мақсұтқызы саналы ғұмырын ұлттық вокал өнерін дамытуға, жас таланттарды тәрбиелеуге және музыкалық білім беру ісіне арнаған. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, отандық вокал мектебінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты.
Ұстаздық жолында талай өнерлі жастың қанатын қатайтып, кәсіби сахнаға жол ашқан Науат Темірханова қазақ музыка мәдениетінде өзіндік орны бар тұлға ретінде есте қалады.
Министрлік көңіл айту мәтінінде Науат Мақсұтқызының жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыры мен ұлттық мәдениетке сіңірген еңбегі ел есінде мәңгі сақталатынын атап өтті.
Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.