Алматыда Халықаралық қарттар күні аясында Қарттар айлығы өтіп жатыр

Ақтоты Жапатова 10 қаз. 2025 11:07

Алматыда қарттарға арналған айлық жалғасып жатыр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аға буын өкілдерін қолдау, әлеуметтендіру және белсенді ұзақ өмір салтын қалыптастыру мақсатында кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ай басынан бері бірқатар маңызды іс-шаралар өтті. Ең бастысы, «Белсенді ұзақ өмір сүру: тәжірибе және даму келешегі» атты халықаралық форумы. Форум әлеуметтік қорғау және белсенді ұзақ өмірді қамтамасыз ету саласында Қазақстан мен шетел мамандарының тәжірибе алмасу алаңына айналды. Қатысушылар инновация енгізу, салааралық өзара іс-қимыл, стратегиялық жоспарлау және қарттарды қолдау бағдарламасын дамыту мәселелерін талқылады.

Бүгін, 10 қазанда, екі ірі іс-шара өтеді: Медеу аудандық бөлімшесінде шығармашылық ұжымдар мен ақындардың қатысуымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты поэзия кеші өтеді. Сондай-ақ, ардагерлер мен қаланың құрметті зейнеткерлерін ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара және концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

2025 жылы 15 қазанда БҰҰ және Орталық Азия елдерінің өкілдері қатысатын халықаралық семинар аясында Мәуленов көшесі, 46а мекенжайындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына бару жоспарланған. Бағдарламада қызмет алушылардың шығармашылық көрмесі, концерттік бағдарлама және қарттармен жұмыс тәжірибесімен алмасу қарастырылған.

15 қазанда, Медеу аудандық бөлімшесі мен Медеу аудандық ардагерлер кеңесі бірлесіп, Халықаралық қарттар күніне арналған концерттік бағдарламаны Оқушылар сарайында өткізеді.

17 қазанда сағат 15:00-де «Арт-галакси Алма-Ата» арт-галереясында (Назарбаев даңғылы, 223) «Менің Қазақстаным» атты көрме ашылады. Онда орталықтың қызмет алушыларының шығармашылық жұмыстары қойылады. Ашылу алдында концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Көрме 2025 жылы 17 қарашаға дейін жалғасып, шамамен 120 қатысушының жұмысы ұсынылады.

22 қазанда орталықтың бөлімшелерінде Қазақстан Республикасы күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтеді, соның ішінде «Гүлдене бер, қазақ елі» концерті және «Балуан Шолақ» бөлімшесінің ұйымдастыруымен өтетін шахмат фестивалі бар.

24 қазанда Бостандық аудандық бөлімшесі ұйымдастырған «Жаса, Қазақстан!» атты мерекелік концерт және тоғызқұмалақ пен шахматтан жарыс өтеді.

Айлықтың қорытындысы 2025 жылы 30 қазанда өтетін Қарттар фестивалімен түйінделеді. Бағдарламада шығармашылық қойылымдар, флешмоб, сән көрсетілімі, шеберлік дәрістері, домбыра оркестрлері, би және вокал ұжымдарының өнері, сондай-ақ зейнеткерлердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі бар. Іс-шараға 150-ден астам орындаушы қатысып, 500-ден астам көрермен келмек.

Ай бойы орталықтың барлық бөлімшесінде кездесулер, концерттер, экскурсиялар, шеберлік дәрістері, спорттық және мәдени іс-шаралар жалғасып жатыр. Әрбір іс-шарада белсенді және талантты қатысушылар, шығармашылық ұжымдар мен спорттық командалар марапатталуда.

Еске сала кетейік, «Алматы қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметі аға буын өкілдерінің өмір сапасын жақсарту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған. Күн сайын орталықтың бөлімшелеріне 500-ден астам адам келеді. Мұнда 40-тан астам бағыт бойынша әлеуметтік-сауықтыру, мәдени, білім беру, құқықтық және өзге де қызметтер көрсетіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар