Алматыда тұрғын үй тарифі 1 шаршы метр үшін 40 теңге болуы мүмкін

Қаракөз Амантай 22 қар. 2024 12:30 149

Алматы қаласының мәслихаты "2025 жылға арналған кондоминиум объектісін басқару және ортақ мүлікті күтіп-ұстау шығындарының ең төменгі мөлшерін бекіту туралы" шешім жобасын дайындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жобаға сәйкес, жаңа ең төменгі тариф ретінде 1 шаршы метр үшін 40 теңге белгіленген. Бұл өзгеріс қызметкерлердің жалақысы мен тауарлар құнының өсуін, сондай-ақ көппәтерлі үйлердің ортақ мүлкінің қазіргі жай-күйін ескере отырып ұсынылып отыр. Негіздемеде 2023 жылдан бастап аулаларды күтіп-ұстау жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатыны, ал күрделі жөндеу шығындары тұрғындардың жеке жинақ шоттарынан жүргізілетіні айтылған.

Түсіндірме құжатта тұрғын үйді басқару мен ортақ мүлікті ұстау шығындарына еңбекақы, банк қызметтері, дезинфекция мен дератизация жұмыстары, сондай-ақ міндетті төлемдер кіретіні көрсетілген.

Бұған дейін ең төменгі тариф 1 шаршы метр үшін 25 теңге көлемінде белгіленіп, бір жылға бекітілген болатын. Жұмыс тобы инфляция деңгейін ескере отырып, тарифті қайта есептеді: соңғы 14 жылда инфляция жылына орта есеппен 7%-ды құраған.

2025 жылға арналған ең төменгі тарифті 1 шаршы метр үшін 40 теңге деңгейінде бекіту ұсынылған. Бұл құжат 5 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға "Ашық НҚА" сайтында қолжетімді болады.

Айта кетсек, бұған дейін Алматыдағы ПИК қауымдастығы тұрғын үйлерді басқару және ұстау бойынша минималды тарифті қайта қарау туралы бастама көтерген болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар