Алматының Наурызбай аудандық сотында "алауыздық қоздырды" деп айыпталған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот басталды. Оффлайн режимде өтетін сотта істі қарауға судья Бейнегүл Қайсина тағайындалған, деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттыққа сілтеп.
Темірлан Еңсебектің өзі сотқа онлайн қатыстырылады.
Бұған дейін ол өзін тікелей сотқа қатыстыруды, дыбыс сапасы нашар болғандықтан тіпті адвокатының сөзін ести алмай отырғанын айтқан еді.
Қорғау жағы Еңсебекті сот залына әкелуді сұрады. Темірлан Еңсебек байланыс өте нашар екенін айтты.
Бірақ прокурор қарсы шықты. Сот қорғау жағының өтінішін қабылдаған жоқ. Отырысты "гибридтік режимде" жалғастыруды бұйырды.
Сот отырысы кезінде сырт жақтан "Ашық сот! Темірланға бостандық!" деген ұран естілді. Бұл сот залына кіре алмаған белсендінің жақтастары еді.
Темірлан Еңсебектің әкесі Марат Тұрғымбай қазақ тілінде сөйлеп еді, судья сот өндірісі орысша екенін айтып, орысша сөйлеуді өтінді.
Адвокат Жанар Балғабаева сотқа барлығын - сыртта кіре алмай қалған адамдарды да қатыстыруды сұрады. Оның сөзінше, залда "процеске мүлде қызығушылығы жоқ, БАҚ-қа кірмейтін мүлде бөтен адамдар жүр". Бірақ судья "басқа үлкен зал жоқ, бұл мәселе енді талқыланбайды" деді