Алматыда тағы екі жаңа Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды

Ақтоты Жапатова 10 қаз. 2025 12:15

Алматының Наурызбай ауданында Белсенді ұзақ өмір сүрудің екі жаңа орталығы ресми түрде ашылып, ауданның қарт тұрғындары үшін жайлы жағдай жасалып келеді. Бұған дейін жұмыс істеп келе жатқан үш орталық аудандағы қарт адамдадың белсенді, салауатты және дәстүрлі өмір салтын ұстануларына септігін тигізіп отыр. Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Соңғы жылдары Наурызбай ауданында зейнеткерлер саны 2014 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге өсті. Бүгінде аудандағы қарт адамдар саны 15,2 мыңнан асады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары аға буынның рухани және мәдени танымына ықпал етіп, әлеуметтік қолдау көрсетіп отыр.

Жаңа орталықтардың бірі Шұғыла шағынауданында орналасқан (340/35, 13-ші корпус). Орталықта арнайы жасалған бағдарлама бойынша қарт адамдар психологиялық және түрлі дәрістен өтеді. Егде жандар скандинавиялық серуендеуге бірге шығады, хореографияға, түрлі тренингтерге қатысады. Тілдік курстар, үстел теннисі, домбыра, тоғызқұмалақ сабақтары бар. Әркім қалауы бойынша түрлі сабаққа қатысып, белсенділік таныта алады.

Екінші орталық Қалқаман-2 шағынауданы Әшімов көшесі, 253 мекенжайында орналасқан. Бұл орталықтың бағдарламасы бойынша дене шынықтыруға, шығармашылыққа, әлеуметтік қолдауға, мәдени мұраны сақтауға ерекше назар аударылады. Ұсынылатын сабақтардың арасында йога, айкуне, хореография, заңгерлік және психологиялық көмек, IT-сауаттылық, есте сақтауды нығайту, би, кескіндеме, қолөнер, вокал, актерлік шеберлік, ұлттық тағам дайындау, домбыра тарту, түрлі музыкалық жанрлар бар. Ұлттық дәстүрді сақтауға және оларды өскелең ұрпаққа насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді.

«Мен үшін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бұл шабыт пен шығармашылық ошағы. Мұнда хорға қатысып, ән айтамын, өзіммен пікірлес адамдармен кездесіп, ой бөлісемін. Мұндай орталықтардың егде жандарға берері көп», - деді мәдениет қайраткері, Абай атындағы опера және балет театрының бұрынғы солисі Қанат Құлымжанов.

Ермаханова Күнсұлу Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы хор мен шығармашылық сабақтарға тұрақты қатысып келеді. Ол да хорға қатысып, ән айтып, шеберлік сағаттарына қатысып шабыт алғанын айтты. Бұл – орталықтағы қарттар үшін аса маңызды екен алға тартты.

Аудан әкімдігінде атап өткендей, жаңадан ашылған екі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы егде жастағы жандардың бос уақытын тиімді өткізуге, өмір сүру сапасын жақсартуға, денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.

Еске салайық, Алматыда бүгінде мұндай 19 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар