Алматыда сейсмикалық қауіпті аумақтарда үйлер емес, саябақтар салынады

Ақтоты Жапатова 26 жел. 2025 14:23

Алматы мен өзге де сейсмикалық белсенді өңірлерде құрылыс жүргізу тәртібі өзгереді. Бұл туралы 2025 жылғы 25 желтоқсанда Сенат кулуарында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, өзгерістер жер сілкінісі қаупін ескеретін микроаймақтандыру карталарына байланысты. Аталған карталарды Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты ұйым әзірлеп жатыр. Қазіргі таңда мұндай карта Алматы қаласы бойынша бар.

«Бас жоспарларды іске асыру кезінде осы микроаймақтандыру карталары міндетті түрде ескеріледі. Картада жер жарылымдары мен сейсмикалық қауіпті аймақтар белгіленген. Мұндай жерлерде тіпті бес қабатты тұрғын үй салуға болмайды. Сондықтан ғылыми негізде ол аумақтарды рекреациялық аймақтар ретінде – саябақтар, скверлер және демалыс орындарына айналдыру туралы шешім қабылданады», – деді вице-министр.

Сондай-ақ Қуандық Қажкенов сейсмикалық қауіпті аумақтарда орналасқан ғимараттарға паспорттау жүріп жатқанын айтты. Бұл жұмыстардың нәтижесіне қарай нысандарды сейсмикалық тұрғыдан күшейту немесе өзге де қауіпсіздік шараларын қабылдау жөнінде шешім қабылданбақ.

Жаңа тәсілдер қала құрылысының қауіпсіздігін арттырып, жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтардағы тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар