Алматыда сенаторға қатысты іс қозғауды талап еткен трамплин мердігері ұсталды

Қаракөз Амантай 19 ақп. 2026 19:54

Алматыда полиция халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінің құрылысына байланысты көпжылдық қаржылық дауды қайта тергеуді талап еткен құрылыс компаниясының директорын ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

"Толқұрылыс" ЖШС басшысы Әбдіразақ Байболов қала прокуратурасы ғимараты алдына келіп, қылмыстық істі қайта жандандыруды талап еткен. Кәсіпкердің айтуынша, оның компаниясы нысан құрылысына қатысқанына қарамастан, 15 жылдан бері атқарылған жұмыстар үшін қарыз өтелмей келеді.

Байболов прокуратура алдына "Сана ТВ" ЖШС жетекшісі Александр Веденкомен бірге келген. Олар құрылысқа қатысты қарыз әлі күнге дейін төленбегенін және бұл іске байланысты қылмыстық істің жылдар бойы созылып келе жатқанын мәлімдеді. Кәсіпкер тергеуді қайта бастау қажеттігін айтып, бұл іске трамплин салынған кезеңде Алматы әкімінің орынбасары болған, қазіргі Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежановтың қатысы болуы мүмкін екенін жеткізді. Оның сөзінше, сенатордың ықпалы салдарынан тергеу алға жылжымай отыр.

Алайда наразылық акциясына прокуратура өкілдері емес, полиция қызметкерлері шыққан. Құқық қорғау органдары акцияның заңсыз екенін ескертіп, Байболовты Бостандық аудандық полиция бөліміне жеткізді.

Кәсіпкердің айтуынша, трамплин құрылысына қатысты қаржылық заңбұзушылықтар жөніндегі қылмыстық іс бірнеше рет ашылып, кейін жабылған. 2024 жылы іс қайта қозғалғанымен, Алматы прокуратурасының оңтүстік-шығыс бөлімшесінің сұрауы бойынша жүргізілген мемлекеттік сараптама теріс қорытынды шығарған. Кейін Байболов Жамбыл облысында қайта сараптама жүргізуге қол жеткізіп, онда құрылыс кезінде 1,7 млрд теңге мақсатсыз жұмсалуы мүмкін деген қорытынды жасалғанын айтты. Соған қарамастан, тергеу бұл дауды азаматтық-құқықтық сипаттағы мәселе деп танып, сот арқылы шешуді ұсынған. Кәсіпкер бұл шешіммен келіспей, қылмыстық іс қозғауды талап етуде.

Алматы қалалық прокуратурасының кезекші прокуроры Алихан Турганкулов бұл іске қатысты түсініктеме беруге құзыреті жоқ екенін айтты. Ал сенатор Сұлтанбек Мәкежановтың көмекшісі депутаттың іссапарда екенін хабарлап, пікір алу мүмкін болмады.

Айта кетейік, Алматыдағы халықаралық шаңғы трамплиндері кешені 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына орай салынған. Құны 20 млрд теңгеден асқан жобаға қатысты қарыз және қаржылық заңбұзушылықтар жөніндегі дау он жылдан астам уақыттан бері түбегейлі шешімін таппай келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove