Соңғы жылдары Алматыда электровелосипедтердің саны күрт өсіп келеді. Мұндай көліктердің қолжетімділігі, экологиялық тазалығы және қала ішінде пайдалану ыңғайлылығы олардың танымалдылығын арттырып отыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Алайда мамандардың айтуынша, қазіргі заманауи электровелосипедтердің көпшілігі сағатына 40–45 шақырымға дейін жылдамдықпен қозғалып, 400 Вт-тан жоғары қуатқа ие. Бұл заңмен белгіленген шекті көрсеткіштерден асып түседі және оларды автоматты түрде мопед санатына жатқызады.
Заңға сәйкес, қуаты 250 Вт-тан жоғары және жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын көлік құралдары міндетті түрде тіркеуге жатады. Яғни олардың техникалық паспорты, мемлекеттік нөмірі мен сақтандыруы болуы тиіс.
«Азаматтардың электровелосипедтерге деген қызығушылығын түсінеміз. Бірақ заң талаптары бар. Қуаты жоғары электровелосипедтерді жалпы қолданыстағы жолдарда тіркеусіз жүргізуге болмайды. Бұл ең алдымен қауіпсіздік мәселесі. Сонымен қатар тіркеу көлік құралының меншік құқығын растайды, ал ұрланған немесе жоғалған жағдайда иесіне қайтаруды жеңілдетеді», – деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, тіркеусіз жүретін электровелосипедтер жолдағы қозғалысты қиындатып, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болуы мүмкін.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары қала тұрғындарын заңды сақтауға және электровелосипедтерді уақтылы тіркеуге шақырды.