Алматыда қос бірдей қоғам белсендісі ЛГБТ мен феминистік ұйымдарға қарсы пикет өткізді

Жарбол Кентұлы 29 ақп. 2024 16:53 2169

Бүгін Алматы қаласында «Қазақстандағы феминистік маршқа қарсымын!» деген ұранмен Жібек Әменова мен Бағила Балтабаева Абай атындағы опера және балет театрының алды мен Панфилов кɵшесiнiң бойына жалғыз адамдық пикетке шықты, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Қоғам белсенділері қолдарына ЛГБТ мен феминистік ұйымдарға қарсылығын білдіретін плакат ұстап, жылда наурыз айында өтетін феминистік маршты болдырмауға барынша күш салатындарын ашып айтты.

– Мұндай ұйымдар әйелдің құқығын қорғаймыз деген жасырын оймен ЛГБТ ұйымдарын насихаттауда. Әйел адамдардың құқығын елімізде ешкім шектеп жатқан жоқ. Конституциямызда да барлық адамның құқығы тең. Олар сонда біздің құқығымызды кімнен қорғамақшы? Батыстың жаман мәдениетін жастарымыздың миына сіңіріп тастамақшы.

Қоғам үшін, келешек ұрпақ үшін мұндай ұйымдарды тоқтату біздің міндетіміз. Ата-бабамыз қорғаған жерді ертең кімге қалдырамыз. Бір жынысты болып кеткен жастарға ма? Сондықтан, бұл қауіпке нүкте қоятын кез келді. Бізді ешкім шеттетпейді. Біздің барлық жерде ер адамдармен құқығымыз тең, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Әйел адамдар өміріне ешқандай қауіп жоқ, – деді Жібек Әменова.

Феминистік ұйымдарға қарсы 4 жылдан бері жұмыс жасап жүрген Бағила Балтабаева мектеп жасындағы қыздардың болашағына алаңдаулы екенін алға тартты.

– Болашағымыз жастардың қолында екені анық. Ал, мұндай ұйымдармен ұлт болып күресуіміз керек. Көршілес мемлекеттерде болған оқиғалардан сабақ алған жөн. |Олар әйелдер мен балалардың құқығын қорғаймыз деп жасырынбасын. Мен анамын балаларым үшін уайымдаймын. ЛГБТ сөзінің мағынасын аға буын білмейді. Көз жұмып қоя береді. Олай жасауға болмайды. Елімізді қауіпті ұйымдардан қорғап қалуымыз керек.

Біз Қазақстан Ата-аналары еліміздегі ЛГБТ ұйымдарының ашық және жасырын түрдегі үгіт-насихаттарына қарсымыз! Сондай-ақ, ЛГБТ-ны насихаттап жүрген феминистердің ұйымдастыруымен өтіп жүрген марштар мен шерулеріне түбегейлі қарсымыз! – деді Бағила Балтабаева.

Бұндай жалғыз адамдық пикетке шығу себебін түсіндіре кетті. Ол елдегі азғын дүниелердің өршуімен, Алматы қаласында бастау алған феминисттік ұйымдардың әйел құқығы, бала құқығы, зорлық-зомбылық деп шеруге, маршқа, митингке шығып жүрген ұйымдардың қауіпімен байланыстырып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар