Депутат Асхат Аймағамбетов ұстаздар үшін қуанышты хабарды жеткізді

Депутат Асхат Аймағамбетов ұстаздар үшін қуанышты хабарды жеткізді
Sputnik / Санат Имангалиев. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Енді педагог оқушының қауіпсіздігі үшін тек белгілі бір жағдайда ғана жауапты болады. Атап айтқанда, мұғалімнің жауапкершілігі мектеп аумағында, сабақ уақытында және өзінің тікелей лауазымдық міндетін атқарып жүрген кезде ғана қарастырылады, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов Threads парақшасында жазды. Оның айтуынша, "Педагог мәртебесі туралы" заңға маңызды өзгеріс енгізу көзделіп отыр.

"Бұдан былай педагог оқушының қауіпсіздігі үшін тек мектепте, сабақ уақытында және өз лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болады. Президент тамыз кеңесінде ұстаздардың жауапкершілігі тек оқу-тәрбие процесімен шектелуі тиіс екенін қадап айтқан болатын. "Педагог мәртебесі туралы" заңға маңызды өзгеріс қабылданып, авторлық заңымыз Сенатқа жолданды", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.