"Бұл менің үлкен қателігім болды": Назарбаевтың Рахат Әлиев туралы айтқан сөзі

"Бұл менің үлкен қателігім болды": Назарбаевтың Рахат Әлиев туралы айтқан сөзі
ашық дереккөзден. Суретте: Рахат Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2021 жылы Оливер Стоунның сегіз сағаттық деректі фильмінде Рахат Әлиевке қатысты қойылған сұраққа жауап берген еді, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Бұл – менің үлкен қателігім. Ол қаржы полициясының басына келді. Сол қызметін пайдаланып, бизнесті қыспаққа алды, тартып алды, ақшаларын жинады. Бір сәтте мен оған: "Тоқта", – деп ескерттім. Елестетіп көріңізші, ол менің күйеу балам. Үш немерем кішкентай еді. Қызым үш баласымен және оның әкесімен бірге келді… Ал мен: "Мен не істей аламын? Ол – қылмыскер", – дедім", – деді Назарбаев.

Осыдан кейін Оливер Стоун бұл жағдай Назарбаев үшін өте ауыр болған шығар деп болжады.

"Өте ауыр болды. Егер басқа біреу болса бір бөлек… Ал мұнда өз адамың, сенім артуға тиіс адам…" – деп жауап берді экс-президент.

2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Рахат Әлиев ісіне қатысты туыстарының реакциясы туралы да айтқан еді.

"Неге адамдар менің үш немеремнің әкесін жауапқа тартқанымды ұмытып кетті? Олар анасының қасында маған жылап келмеді деп ойлайсыздар ма? Келді. Мен қиналмады деп ойлайсыздар ма? Әрине, қиналдым. Бірақ жағдайдың анық екенін, шектен шыққанын көрген кезде тоқтаған жоқпын. Туыстар жиналып, бәрі: "Бәрі өз қолыңда ғой, жауып тастау қиын емес қой", – деп үгіттеді. Мен барлық туыстарыма, балаларыма, достарыма ескертемін: бұл жерде қол сұғылмайтын адам болмайды", – деген еді Назарбаев.