Қазақстан аллергияға қарсы өз вакцинасын сынап жатыр

Қазақстан аллергияға қарсы өз вакцинасын сынап жатыр
pixabay.com

Қазақстанда жусан тозаңына аллергияны емдеуге арналған отандық препараттың клиникалық зерттеуінің екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жоба 2024–2026 жылдарға арналған ғылыми техникалық бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр.

«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі елімізде маусымдық аллергияның ең кең таралған себептерінің бірі саналатын жусан тозаңына аллергияны емдеуге арналған отандық препараттың II фазадағы клиникалық зерттеуін бастады. Жобаның басты мақсаты — аллергияны емдеуді пациенттер үшін қолжетімді әрі ыңғайлы ететін қазақстандық препарат әзірлеу», – делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, жусан тозаңына аллергия Қазақстандағы ең жиі кездесетін маусымдық аллергиялық реакциялардың қатарына жатады.

Әсіресе жаз және күз мезгілдерінде:
— мұрыннан су ағу,
— түшкіру,
— көзден жас ағу,
— тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер күшейеді.

Министрлік жаңа препаратты қазақстандық ғалымдар заманауи рекомбинантты аллерген негізінде әзірлегенін мәлімдеді.

Препарат OtarBioPharm отандық кәсіпорнында халықаралық GMP стандарттарына сәйкес өндіріліп жатыр.

«Әзірлеменің басты артықшылықтарының бірі — емдеу курсының қысқалығы. Дәстүрлі аллерген спецификалық терапия ұзақ уақытқа созылуы мүмкін болса, жаңа препарат аптасына бір рет жасалатын төрт теріасты инъекциясынан ғана тұрады», – деп хабарлады ведомство.

Бұған дейін еріктілердің қатысуымен клиникалық зерттеудің бірінші кезеңі сәтті аяқталған.

Зерттеушілердің мәліметінше, сынақ барысында ауыр жанама әсерлер анықталмаған, ал алдын ала нәтижелер аллергенге сезімталдықтың төмендегенін көрсеткен.

2026 жылғы 24 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі зерттеудің екінші кезеңін өткізуге ресми рұқсат берген.

Клиникалық сынақ «Рахат» медициналық орталығы базасында жүргізіледі. Оған жусан тозаңына аллергиясы расталған 138 пациент қатысады.