Тоқаев Astana LRT жүйесін іске қосты

Тоқаев Astana LRT жүйесін іске қосты
Aqorda.Kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесінің жұмысын ресми түрде іске қосты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы қоғамдық көлікті бақылау және үйлестірумен айналысатын Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысқан.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT іске қосылуына байланысты арнайы диспетчерлік қызмет құрылған. Қазіргі уақытта қоғамдық көлік жүйесінің мониторингі мен реттеу жұмыстарына 21 маман тартылған.

Әрбір LRT құрамы 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған.

Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 пойыз қатынайды. Оның төртеуі резерв ретінде қарастырылған. Пойыздар толықтай пилотсыз режимде жұмыс істейді.

«Басқару, жылдамдықты арттыру, тежеу және есіктерді ашу процестері, сондай ақ төтенше жағдай кезіндегі жұмыс толық автоматтандырылған. Қосымша бақылау үшін қолмен басқару және диспетчермен байланыс мүмкіндігі сақталған», – деп хабарлады Ақорда.

LRT инфрақұрылымына 18 станция мен заманауи депо кіреді.

Маршрут бойынша толық жүру уақыты шамамен 40 минутты құрайды. Орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 50–60 шақырым болады.

Пойыздардың қозғалыс аралығы 5–6 минут деңгейінде жоспарланған.

Ақорданың мәліметінше, Президент бұл оқиғаның Астана мен бүкіл Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екенін атап өткен.

«Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта елорда Еуразияның ірі көлік хабына айналуы тиіс екенін айтты», – делінген хабарламада.

Президентке 001 сериялы арнайы карта табысталды.

Тоқаев жүйенің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүріп өтті.

Сонымен қатар Астанада LRT жүйесінің екінші кезеңі де қарастырылып жатыр.

Ақорда мәліметінше, жаңа желілер «Астана 1» вокзалы, «Жағалау» тұрғын алабы және Қосшы бағытына дейін салынуы мүмкін.

Екінші кезеңнің жалпы ұзындығы 26,5 шақырым болады және оған 20 станция кіреді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық компания өкілдеріне, CTS Transportation және Astana LRT қызметкерлеріне жобаны әрі қарай жүзеге асыруда табыс тіледі», – деп мәлімдеді Ақорда.